Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Теңіздің үстінде ұшып бара жатқанымыз есімде”: Ақтау маңындағы ұшақ апатында тірі қалған жолаушы жаңа деректерді бөлісті

Ақтау маңында апатқа ұшыраған Әзірбайжан әуе жолдарының ұшағының жолаушысы оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Anadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Коллаж: Stan.kz 

Субхонкул Рахимов AZAL ұшағы апатқа ұшырағанға дейін болған оқиғалар, сондай-ақ апатқа ұшыраған әуе кемесінің жолаушыларына көмек көрсету бойынша экипаждың әрекеттері туралы айтты.

Тәжікстанның тумасы Ресейде 24 жыл тұрып, сол жақта азаматтық алған.

Ер адам "жарылыс" дыбысын естігенін айтады. Алайда жарылыс нақты қай жерде болғанын білмейтінін, қатты тұман болғанын жеткізді.

“Мен ұйқтап жатқан едім. Ұшақтың жоғарыға көтеріліп бара жатқанын сезіп, жан-жағыма қарадым. Қатты тұман болғандықтан түк көрінбеді. Екінші рет айналып қонады деп ойладым. Мұның барлығы қай қаланың аспанында болғанын да нақты білмеймін”, – деді ол.



Жолаушының сөзінше алғашқы жарылыстан кейін оттегі маскалары түсірілген. Ұшақ қатты сілкініп барып тағы да биікке көтерілген көрінеді. Біраз уақыттан кейін лайнер бір дейңгейде ұша бастаған. Сол кезде теңіз көрінді дейді ол.

"Біраз уақыттан кейін теңіздің үстінде ұшып келе жатқанымызды байқадым. Ол кезде ауа-райы ашық еді. Бірақ ұшақ түсініксіз әрекет жасай бастады", – деді Рахимов.

Ер адам ұшақ құлаған кезде есін жоғалтқан.

“Өрт болып жатқаны еміс-еміс есімде. Бірнеше секундтан кейін барлығы тынышталып қалды. Тірі болғаныма таң қалдым”, - дейді ол.

Рахимов 39-шы орындықта отырған. Оның айтуынша, стюардесса өз міндетін соңына дейін орындап, жолаушыларды соңғы сәтке дейін сабырға шақырған. 

“Өте жақсы жұмыс істеді. Ол әзірбайжанша бір нәрселер айтып жатты. Ешнәрсе түсінбесем де, бізді сабырға шақырып жатқанын білдім. Стюардесса соңғы сәтке дейін салондағы адамдармен сөйлесіп тұрды”, – деді ол.

Оқиғадан бірнеше минут өткен соң Рахимов қауіпсіздік белбеуін шешіп, сыртқа шығуға тырысқан. Ол бірден экипаж мүшелерінен есіктің қайда екенін сұраған. Алайда ол кезде ешкім әлі есін жиа қоймаған дейді ол. 

“Мен ең жақын есік қай жерде деп сұрадым. Бірақ ешкім әлі есін жинай қоймаған еді. Маған жауапбере алмады”, – дейді ол. 

Еске салсақ, 25 желтоқсанда Әзірбайжан әуе жолдары компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам болған. Оның 38-і қаза тауып, 29 адам аман қалды. Euronews, Reuters сияқты әлемдік басылымдарда Ақтаудағы ұшақ апатына ресейлік зымыран себеп болғаны туралы ақпарат жарияланды. Ақпаратты Әзірбайжан үкіметіндегі дереккөздер растаған. Ал Қазақстандағы ұшақ апатын зерттеу бойынша комиссия төрағасы, вице-премьер Қанат Бозымбаев ұшақ апатының себебіне қатысты ешқандай нұсқаны растап немесе жоққа шығара алмайтынын мәлімдеді. 

Бұған дейін Ақтаудағы ұшақ апатын тергеуге Әзірбайжанның сұрауымен түркиялық мамандар да қатысатыны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сенбі, 28 Желтоқсан, 2024 15:25
Талқылау