Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Теңге алтынға ауысады, Кеңес Одағы тіріліп, ортақ валюта пайда болады": Желіде тараған ақпарат қаншалықты рас

Әлеуметтік желіде теңгенің осы жылдың соңында "Алтын" валютасына ауысатыны туралы хабарлама жиі тарап жүр. Қауесет екенін біле тұра кейбір ағайын осыған сенді. Жауапты органдар теріске шығарса да "жалған ақпарат" тарататындар азаймай тұр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап. 

Тиын тапшы болуда: Ұлттық банк монеталар азайғанда не істеу керектігін түсіндірді

Осыған ұқсас жазбалардың тарап жатқанына талай жыл болды. Теңге құлдырайды, теңге ауысады немесе келмеске кеткен Кеңестік Одақ тіріліп, басқа ақша шығады деген қауесет ел арасында жиі пайда болады. Жауапты органдар да талай ақпаратты теріске шығарып, ресми мәлімдеме жасаған. Бірақ қауесет басылар емес. 2015 жылы шыққан осындай ақпараттың бірін Ұлттық Банктің өзі теріске шығарған. Алайда ол, "фейк жаңалықтарды" азайта алмады.

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде, сондай-ақ Whаtsapp және басқа да мессенджерлер арқылы Қазақстанның жаңа валютаға – "Алтынға" өтуі және теңгенің құнсыздануы туралы ақпарат таратылуда. Аудиохабардағы белгісіз дауыс кезекті рет қазақстандықтарды шұғыл түрде ақшаны долларға айырбастауға немесе автокөлік, пәтер сатып алуға шақырған. Ұлттық банк бұл ақпараттың экономикалық қаскүнемдікке шақыратын дәйексіз ақпарат екенін ресми түрде хабарлады.



Сарапшылардың пікірінше, бұл ақпаратты, "сыртқы күштер" немесе басқа мемлекеттердің әдейі таратуы мүмкін. Айтуларынша, ұлттық валютаны әп-сәтте ауыстыра салу оңай процесс емес.

"Мүмкін бұл сырттан әрекет жасап жүрген астыртын адамдардың әрекеті болуы мүмкін. Путин билік басына келген кездегі ең бірінші сөзі мынадай болды. Тасты жан-жаққа лақтырған кезең өтті. Енді сол тастарды жинайтын кезең келді деп", - дейді сарапшы Жангелді Шымшықов.

Фейк таратқандардың талайы заңды жазасын да алды. Кейбірі айыппұл төлеп құтылса, енді бірі түрмеге де қамалды.

"Жалған ақпарат тарату әрекеті үшін бірнеше мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеумен басталып, бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылу жазасы қарастырылған. Сондықтан азаматтарды жалған ақпарат таратпауын сұраймыз",- деді Нұр-Сұлтан полиция департаментінің ресми өкілі Данияр Оралов.  

Заңгерлер де мұндай ақпаратқа күмәнмен қарайды. Өйткені, "Валюталық бақылау" заңында ақша ауыстыру жайлы ешқандай бап немесе тарау қарастырылмаған. Демек, мемлекет өз бетінше ондай шешім қабылдай алмайды.

Талқылау