Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Температура нормадан жоғары болады": Синоптиктер сәуір айына арналған ауа райы болжамын ұсынды

Синоптиктер сәуір айына арналған ауа райы болжамын ұсындыФото: depositphotos.com

Синоптиктер Қазақстан бойынша сәуір айына арналған консультативтік ауа райы болжамын ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Синоптиктердің мәліметінше, сәуір айында республиканың басым бөлігінде айлық орташа ауа температурасы нормадан 1 градусқа жоғары болады. Ал Шығыс Қазақстан облысының көп бөлігінде, Абай облысының оңтүстік-шығысында, сондай-ақ елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда температура шамамен норма деңгейінде сақталады.

"Сәуір айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында болады. Ал Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында, Ақтөбе облысының батыс жартысында, Түркістан мен Жамбыл облыстарының оңтүстігінде, Алматы облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Абай облысының ең оңтүстік-шығысында жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады", – делінген хабарламада.

Болжам бойынша, сәуір айында Қазақстанның солтүстік жартысында айлық орташа ауа температурасы +5, +10 градус, батыс және оңтүстік жартысында +11, +16 градус, ал елдің ең шығысында 0, +4 градус шамасында болады.

Еске салсақ, Қазгидромет еліміздің бірнеше аймағында алдағы күндері ауа температурасы көтерілетінін хабарлаған еді. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 16 Наурыз, 2026 20:07