Темекі сатып аларда құжаттарды көрсету керек пе? Министр түсіндіріп берді
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов алкоголь мен темекіні сату кезінде құжаттардың талап етілуімен туындаған мәселені түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Кодекске (халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы) алкоголь мен темекіні тұтынуды азайтуға әсер ету жөніндегі жұмыстарға байланысты өзгерістер енгізілді. Әсіресе кәмелетке толмағандар үшін. Сондықтан осы норма пайда болды. Жоғарғы деңгейдегі заңнамалық актілерге енгізілетін кез келген өзгерістер жалпы сипатта болады, ал бұдан әрі заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер - үкіметтің қаулылары мен министрліктердің бұйрықтары түсіндіру немесе нақтылау сипатында болады. Сондықтан жарлық шыққаннан кейін біз осы норманы қалай пайдалану керектігін түсіндіру үшін бұйрыққа өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргіздік. Біз кеше сатушыларға куәлікті сатып алушының жасында күмән туындаған жағдайда ғана талап ету керектігін түсіндірдік", - деп түсіндірді Сұлтанов.
Министр алкоголь мен темекі өнімдерін сатушылар егер сатып алушының жасына күмәнданбаса және 21 жастан асқан азаматтан құжаттарды талап етпесе жазаланбайды деп сендірді.
Алкоголь мен темекіні сатып алу кезінде жеке куәліктерді ұсынуға қатысты даулар Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс күшіне енгеннен кейін басталды.
Жаңа кодекстің 110-бабында темекі өнімдерін сатушылар жеке басын куәландыратын құжаттарды талап етуге міндетті делінген.
Еске сала кетейік, 20 тамызда Бақыт Сұлтанов "ішкі сауда ережесін бекіту туралы" бұйрыққа өзгерістер енгізгені белгілі болды. Өзгерістерге сәйкес, алкоголь мен темекі өнімдерін сатушы сатып алушының жиырма бір жасқа толғанына күмәнданған жағдайда ғана құжаттарын көрсетуін талап етеді.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
