Тәжікстан президенті өз атына берілген мектеп пен "Ұлт көшбасшысының музейін" ашты
Фото: Рresident.tj
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өз туған өлкесі Дангаре ауылында болып, бірнеше нысанның ашылуына қатысты. Кейбір нысандарға Рахмонның есімі берілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Рresident.tj порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Президенттің қатысуымен елді мекенде жаңа №1 мектеп ашылды, оған Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның есімі берілді.
Мектептің құрылысы 2024 жылы басталған. 11 870 шаршы метр аумақты алып жатқан білім ордасы екі ауысымда 3420 оқушыға арналған. Мұнда 57 сынып, 24 оқу кабинеті, зертханалар, акт залы және спорт алаңы бар.
Мектеп ішінде "Ұлт көшбасшысының музейі" де ашылған, онда президенттің өмірі мен қызметінің бес негізгі кезеңін бейнелейтін фотосуреттер қойылған.
Бұдан бөлек, Эмомали Рахмон Хатлон облысындағы Тәжік мемлекеттік медициналық университетінің екі жаңа оқу корпусын ашты. 2025-2026 оқу жылында бұл оқу орнында 2852 студент білім алады, ал профессорлық-оқытушылық құрам 215 адамнан тұрады.
Сонымен қатар президентке Дангарадағы жаңа тұрғын ауданның 3861 гектар аумақты қамтитын бас жоспары таныстырылды. Жоспар бойынша мұнда 9–16 қабатты 315 тұрғын үй, 8 мектеп, 13 балабақша, 46 қоғамдық және сауда нысаны, 5–6 қабатты 6 автотұрақ, жолдар, спорт алаңдары және мәдени парк салынбақ.
Президенттің қатысуымен аудан орталығында жаңа 7 қабатты білім басқармасы ғимараты, ал Рахшонзамин ауылында 2160 оқушыға арналған №90 мектеп ашылды.
Сонымен бірге Эмомали Рахмон Булёни Поён ауылында туристік қызмет көрсету орталығын және Дангарин ауданында ұзындығы 50 шақырымнан асатын асфальт жолды қашықтан ашты. Сондай-ақ футбол алаңы, жекеменшік балабақша және кітапхана секілді бірнеше нысан пайдалануға берілді.
Орталық Азия елдерінде билеушілердің жеке басына табыну дәстүрі әлі де сақталған. Мысалы, Қазақстанда да кезінде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілген мектептер мен университеттер, сондай-ақ Астанадағы халықаралық әуежай болған. Алайда 2022 жылғы қанды Қаңтар оқиғаларынан кейін Назарбаев пен оның айналасының ықпалы әлсіреп, жаңа нысандарға оның есімін беру тоқтатылған.
Алматыдағы көшеге Денис Теннің аты беріледі
Еске салайық, бұған дейін
Республика күнінің маңызы не, мерекені не себепті қайтарды – Саясаттанушылар жауап берді