Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қыз емессің бе?": Түркістанда студенттерді ұлдардың бөлмесі мен дәретханасын жинауға мәжбүрлеген

Фото: Видеодан скрин

Түркістандағы көпсалалы индустриалды-техникалық колледждің жатақханасында тұратын студент қыздар өздеріне қатысы жоқ міндетке қарсы шыққан. Желіде қыздарды ұлдардың бөлмесін жинауға, тіпті әжетханаларды тазалауға мәжбүрлеу әрекеті болғаны жайлы айтылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кадр сыртындағы дауыста қызметкер қыздарға комиссияның келетінін айтып, тазалық жұмыстарын орындауды міндеттеген.

"Ертең бізге жатақхананың ашылуына комиссия келеді. Балалардың жатуына рұқсат беру мәселесі бойынша тексеріс болады. Соған дайындалып жатырмыз. Ал сен бәрін дүрліктіріп, шу шығарасың. Бір бөлмені тазаласаң, сен қыз емессің бе? Әлде бір жерің түсіп қала ма?" – дейді ол.

Бұған жауап ретінде студент қыздардың бірі өз бөлмесін жинауға қарсы емес екенін, бірақ ұлдардың бөлмесін тазалаудан бас тартатынын айтады.

"Апай, мен өз бөлмемді тазаламаймын деген жоқпын. Өзімдікін тазалаймын. Бірақ ұлдардың бөлмесін мүлде тазаламаймын", – дейді студент қыз.

Видеодағы қызметкер бұдан кейін де талап қоюын жалғастырып, студенттерді ата-аналарына шағымданатынын ескертеді.

"Қайсың көкіректерің тасып бара жатқан? Не, не жетпей жатыр? Білмеймін ғой, не қылық екенін бұларда? Анаңа хабарлас, маған хабарлассын. Ей, тазала дедім ғой. Мұнда бәрі "СЭС" (Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті) келеді деп абыр-сабыр болып жатыр. Әй, мына арада жатсыңдар ғой. Саған не жоқ, кеше келіп алып. Шық, шық та, анау жақтың бәрін тазалаңдар. Бәрің шығыңдар тез. Сен де шық та, апайларға барып көмектес", – дейді жатақханадағы қызметкерлердің бірі.

Кейін видеода қызметкер студенттердің бірінің анасымен сөйлесіп, түсірілім жүргізіліп жатқанына наразылық білдіріп, видео арқылы сөйлесуге қарсылық танытқан.

Алайда студент қыздар мұндай талаптың әділетсіз екенін айтып, қарсылық білдірді. Осы қарсылықтары үшін олар "тәртіпке бағынбады", "бүлік шығарды" деген айыптауларға ұшырап, тіпті жатақханадан шығарамыз деген қоқан-лоқы естіген.

Бұл мәселеге қатысты редакция тілшісі Түркістан облысы білім басқармасынан жауап алды. Түркістан облысындағы колледж жатақханасында туындаған жағдайға қатысты облыстық білім басқармасы ресми түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, мәселе бақылауға алынып, арнайы комиссия құрылып, тиісті зерделеу жұмыстары жүргізілген.

Басқарманың хабарлауынша, колледжде 1072 студент білім алады, оның 80-і жатақханамен қамтылған. 23-25 ақпан күндері өтетін облыстық спартакиадаға байланысты жатақханаға қатысушыларды орналастыру қажеттілігі туған. Осыған байланысты қызметкерлер студенттерге бос бөлмелердегі тазалыққа көмектесу жөнінде ауызша ұсыныс жасаған.

"Жатақханада студент жігіттердің уақытша болмауына байланысты қыздардан бос бөлмелерде тазалыққа көмек көрсету сұралған. Кейбір студенттердің бас тартуына байланысты түсінісбестік болды", – деп хабарлады Түркістан облысы білім басқармасы.

Қазір студенттермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.

"Білім басқармасы білім алушылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты назарда ұстайды. Ішкі тәртіп талаптарын күшейту және осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында қосымша шаралар қабылданды. Жауаптыларға қатысты заңға сәйкес тиісті шешім қабылданады", – делінген басқарма мәлімдемесінде.
Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 23 Ақпан, 2026 13:10