Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таиландта бірнеше жыл бойы иттермен бірге өмір сүрген бала табылды

таиландта иттермен өскен бала

Таиландтың солтүстігіндегі Уттарадит провинциясында билік бірнеше жыл бойы алты итпен бірге өмір сүрген сегіз жастағы баланы тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Khaosod English басылымы хабарлады.

Мәлімет бойынша, баланың анасы мен 23 жастағы ағасы есірткіге тәуелді болған. Әйел үнемі баланың оқуына арналған мемлекеттік жәрдемақыны — шамамен 400 бат (6500 теңгедей) алып отырғанымен, бала мектепке бармаған.

Бала сөйлемейтін, тек итше үреді. Сондай-ақ ол жануарлардың әдеттерін толық сіңіріп, төрт аяқтап жүрген, адамдардан қашқақтап және уақытын иттермен өткізген.

Жергілікті мектеп директоры бұл жағдай туралы қайырымдылық қорына хабарлаған. Осыдан кейін ақпарат полицияға жеткен. 30 маусымда жергілікті билік пен қор бірлесіп баланы құтқару операциясын бастады. 

Отбасы есірткі қылмысы жиі кездесетін ауданда тұрған. Көршілердің айтуынша, анасы үнемі ғибадатханаларда қайыр сұрапты. Ал жергілікті тұрғындар онымен араласудан қашқан. Баланың өзге балалармен байланысы болмағандықтан, ол иттермен одан сайын жақындаса түскен.

Полиция 30 маусымда қираған лашыққа келген. Анасы мен ағасы тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін қамауға алынды. Ал бала балалар орталығына жіберіліп, қамқорлыққа алынған. Қазіргі уақытта бала бастапқы бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Оған тамақ, медициналық көмек және психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр. 

Назархан Уән
Бейсенбі, 17 Шілде, 2025 20:48
Талқылау