Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қалай 3 миллион теңге ұтып алып арманыңдағы бастаманы жүзеге асыруға болады – Қазақстандық жас ғалым айтып берді

Биыл елімізде Тәуелсіздік ұрпақтары гранты 30 жас маманға берілмек. Алты санат бойынша өз жобасын қорғап шыққан жас мамандардың әрқайсысы 3 миллион теңгеден жеңіп ала алады. Мысалы, Ph.D., жас ғалым, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің У.Бестереков атындағы "Су сапасын бақылау және сулы технологиялар" ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі Еркебұлан Райымбеков былтыр байқауға қатысып, грант жеңіп алған. Ол Stan.kz ақпарат агенттігіне жобасын қалай жүзеге асырғанын айтып берді.

Фото Еркебұлан Райымбековтың жеке архивіненФото Еркебұлан Райымбековтың жеке архивінен

Еркебұлан Райымбеков грант туралы бұрыннан білгенімен, өтініш беруге батылы бармапты. Алайда министрліктің сайтынан байқау туралы хабарландыруды кезекті рет көріп, бақ сынауға бел буыпты. Оның жобасы Сырдария суы мен ондағы экожүйенің климат пен адамға әсерін бақылауға бағытталған. 

“Бұл менің жүргізіп жатқан зерттеулерімді жүзеге асыру үшін бірегей мүмкіндік екенін сездім. Cебебі менің кәсіби мансабым химия саласындағы тереңдетілген зерттеулермен тікелей байланысты. Жоба “Сырдария өзенінің бассейніндегі ауыр металдармен ластанудың қоршаған ортаға және халық денсаулығына әсерін бағалау" деп аталады. Негізгі мақсаты — ауыр металдармен ластанудың экожүйеге және Сырдария өзені аймағында тұратын халықтың денсаулығына тигізетін әсерін жан-жақты бағалау. Зерттеу шеңберінде өзеннің әртүрлі учаскелерінен су сынамасы алынып, ауыр металдардың концентрациясы анықталып жатыр. Бұл мәліметтер ластаушы заттардың судағы экожүйеге, биологиялық әртүрлілікке, балықтар мен басқа да жабайы табиғатқа тигізетін әсерін бағалау үшін пайдаланылады”, – дейді ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі.

 Жас ғалым өзінің жобасы Қазақстандағы су ресурстары мен технологияларын жақсартуға елеулі үлес қосады деп сенеді.

“Оған қоса өзенді ауыз су көзі ретінде пайдаланатын, ауыл шаруашылығымен және балық аулаумен айналысатын қауымдастықтардың денсаулығына төнетін ықтимал қауіптер зерттеледі. Міндетіміз — экологиялық жағдайды жақсарту және су ресурсын сақтау жөнінде ұсыныстар әзірлеу. Біздің жұмысымыз Қазақстандағы су ресурстары мен технологияларын жақсартуға елеулі үлес қоса алады деп сенемін. Жобаның географиялық қамтылуы өте кең, Сырдарияның бастауын Қырғызстандағы Тянь-Шань тауларынан бастап, өзен Арал теңізіне құятын дельтаға дейінгі аумақты қамтиды”, – дейді ол.

Ол байқау талаптары нақты және түсінікті болғандықтан дайындалу процесі қиын болмағанын айтып отыр. Ұйымдастырушылардың да әрдайым ашық болып, қолдау көрсеткенін ерекше бағалады.

“Барлық кезең логикалық және ашық болды, бұл процесті айтарлықтай жеңілдетті. Оның үстіне, қандай да бір сұрақтар туғанда әрдайым байқауды ұйымдастырушылардан кеңес ала алдым. Олар барлық мәселелерді шешуге көмектескен соң әр қадамның дұрыс екеніне сенімді болдым. Ұйымдастырушылардың әрқашан қолдау көрсетуге дайын екенін атап өткен жөн”, – дейді қатысушы

Тәуелсіздік ұрпақтары гранты Қазақстанның дамуына өз үлесін қосуды мақсат еткендер үшін үлкен мүмкіндіктер ашады дейді грант жеңімпазы.

“Бұл конкурсқа қатысу менің Сырдария өзенінің бассейні ластануының әсерін бағалауға бағытталған ғылыми жобамды жүзеге асырудағы маңызды қадам болды. Гранттың арқасында зерттеулер жүргізіп қана қоймай, ғылыми мақалалар жариялап, халықаралық конференцияларға қатысып, ғылыми қауымдастық арасында экологиялық маңызды мәселелерге назар аударта алдым. Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында елдің басты міндеттерінің бірі ретінде экологиялық жағдайды жақсарту және қоршаған ортаға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру деп атап өткен еді. Осы тұрғыда менің жобам өзекті. Бұл жоба "Тәуелсіздік ұрпақтары" конкурсының мақсатына сай келеді және маңызды мәселелердің бірін тікелей қамтиды”, – дейді грант жеңімпазы Еркебұлан Райымбеков.

Фото Еркебұлан Райымбековтың жеке архивіненФото Еркебұлан Райымбековтың жеке архивінен

Тәуелсіздік ұрпақтары 2021 жылдан бастап президенттің бастамасымен жыл сайын жастарға ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа және волонтерлық бағыттары бойынша беріледі. Грант берудің мақсаты – жастардың белсенді шығармашыл қауымдастығын қалыптастыру үшін жаңа және қазіргі жобаларын мемлекеттен қолдау. Байқауға 14-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Байқау аясында Республика деңгейіндегі жеңімпаздарға 3 миллион теңге сомасында грант беріледі. Ал өңірлердегі марапатта ерекшеліктер бар. 

2021 жылдан бастап 93 жас азамат республикалық деңгейде Тәуелсіздік ұрпақтары грантының иегері атанды. Атап айтқанда 2021 жылы 30 адам, 2022 жылы 33 адам, 2023 жылы 30 адам. 

Биыл грант беру тәртібін жетілдіру мақсатында қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров айтып берді.

“Еліміздегі волонтерлық саланы қолдау мақсатында грант бағыттары тізіміне қосымша волонтерлық бағыты қосылды. Осылайша 2024 жылдан бастап грант 6 бағыт бойынша беріледі. Қағидаға сай конкурс екі кезеңде өтеді. Конкурсқа өтінімдерді бағалау үшін атқарушы органдар мен азаматтық қоғам өкілдері, ғалымдар және конкурс бағыттарына қарай мамандар мен сарапшылартан конкурстық комиссия құрылады. Биыл жыл соңына дейін 30 жас азаматқа грант беріледі. Тәуелсіздік ұрпақтары грант мерзімі бір жылдан аспайды. Конкурс туралы толық ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтынан, сонымен қатар әлеуметтік желідегі ресми парақшалардан білуге болады”, – деді Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы.

Мемлекет басшысының "Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым" сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс қимыл аясында Тәуелсіздік ұрпақтары грантын 2029 жылға дейін беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында Тәуелсіздік ұрпақтары гранты негізінде ғылым, мәдениет, IT, медиа, бизнес саласындағы жастардың бастамаларына өңірлік гранттарды іске асыру көзделген.

“Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратынша, 2024 жылы жастар бастамаларын қолдауға жергілікті бюджеттен 200-ден астам өңірлік тәуелсіздік ұрпақтары грантын беру көзделіп отыр. Оның ішінде 36-сы табысталды. Әкімдіктер гранттың саны мен мөлшерін дербес бекітеді. Биыл жыл соңына кейін 150-ден астам грант берілмек”, – деп жаңалықты бөлісті Қайрат Қамбаров.

Биыл конкурсқа өтініш қабылдау 5 тамызда басталып, 6 қазанға дейін жалғасады. Өтінішті екі тілде қазақша және орысша беруге болады.

Гранттар жаңа бастамаларды іске асыру үшін мына бағыттар аясында беріледі:

  • Ғылым. Ғылымның басым секторында жаңа ғылыми жобалар мен зерттеулер;
  • Ақпараттық технологиялар. IT шешімдер мен жобалар, жаңадан басталған стартап жобалар;
  • Бизнес. Экономиканың басым бөлігінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру;
  • Мәдениет. Еліміздің мәдени мұрасын, халықтық дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге арналған жобалар;
  • Медиа. Жаңа медиа жобалар, жастар үшін танымдық, пайдалы, қызық контент құру жобалары;
  • Волонтерлық. Әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған волонтерлық жобалар.
Талқылау