Тәуелсіздік күніне орай үлестіріліп жатқан сыйақы тұрғындардың бәріне бірдей бұйырмайтын болды
Тәуелсіздік күніне сыйақы беру түйткілді мәселеге айналып кетті. Егемендігіміздің 25 жылдығына орай берілетін бір реттік төлем ел тұрғындарының барлығына бірдей бұйырмайтын болды. Тек Астана және Алматы қалалары мен Маңғыстау облысының тұрғындары жергілікті бюджеттің жылуын сезбек, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Қалған аймақтар қазынадан қаржы қарастырмай, кәсіпкерлердің көмегімен ғана жұрттың көңілін аулап жатыр. Еліміздің басты мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында әр аймақ басшылары тұрғындарын өзінше қуантып жатыр. Бұл ретте Республика бюджетінің доноры – Алматы қаласы көш бастап тұр. Ұлық мерекеге орай Алматының 114 мың тұрғыны бір реттік әлеуметтік көмек алатын болды. Бұған алып шаһардың қазынасынан 6 миллиард 200 миллион теңге бөлінген.
“Сыйақы алатын дамның 68 мыңы мұқтаж азаматтар. Қалғандары әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер мен мұғалімдер. Оларға өз жұмыс істейтін мекемесі сыйақы төлейді”, – дейді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиев.
68 мың адам 13 түрлі санаттағы топтардан тұрады. Ол тізімде соғыс және Чернобыль апатының ардагерлері мен мүгедектерінен бастап, көпбалалы отбасыларға дейін қарастырылған. Сондай-ақ, 14-ші санаттағы Желтоқсан оқиғасының қатысушыларына жылда төленетін жәрдемақы осы жолы 50 мың теңге боп көбейген. Бұның бәрі биылғы қала бюджетін үнемдеу есебінен жасалып отыр екен. Астана қаласы мен Маңғыстау облысында да жергілікті қазына есебінен осындай көмек көрсетіліп жатыр. Өкініштісі, жергілікті биліктің мұндай жомарттығы тек санаулы өңірде көрініс тапты. Мәселен, Жамбыл облысы бюджет жөнінен тек дотацияда отырғанын ашық мойындады.
“Әр аймақ өз мүмкіндігінше жәрдем көрсетеді. Жамбыл облысы дотациялық облыс болып табылады. Бюджет кірісінің 80 пайыздан астамы республикалық бюджеттен келетін трансферттерге мұқтаж. Дегенмен біз демеушілердің көмегімен жағдайы нашар тұрғындарға 18 миллион теңге көлемінде көмек көрсеттік”, – дейді Жамбыл облысы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков.
Оңтүстік, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ, Қызылорда, Қостанай және Павлодар облыстары да тұрғындарын қуанту үшін демеушілерге арқа сүйеп отыр. Ал қалған аймақтарда нендей төлем жасалатаны тіптен белгісіз.
Ал Алматыда бір реттік жәрдемақыға ие болу үшін міндетті түрде қала тұрғыны болуы керек. Қызығы сол, осы жаңалық шыққалы бері дереу тіркеуін облыстан қалаға ауыстырып жатқандар көбейе бастапты. Бірақ әкімдік бұндай құйтұрқылыққа жол бермейміз деп отыр. Өйткені тіркеуін дереу ауыстырғанымен, олар зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтың тізіміне бәрібір енбейді.
Жіберіп алмаңыз:
Шымкентте тазалаушы жұмысшылар өзен ішінен әйел адамның денесін тауып алды
Бас прокурор өзін өртеген әйелдің жерлеу рәсіміне жәрдем беруді тапсырды
Қазақстандықтар тұрмысы төмен жандарға үй алып беру үшін 1 теңгеден жинап жатыр
71 жастағы қарт 150 қасқырмен бірге тау арасында тұрып жатыр (фото)