Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Ақтөбеде залдарды жалға беріп, ақшасын құмар ойынға тіккен екі директорға сот үкім шығарды

Ақтөбеде спорт мектебінің залдарын жалға беріп, ақшасын құмар ойынға тіккен екі директор сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Соттың баспасөз қызметі

Ақтөбе қаласындағы футбол және хоккей спорт мектептерінің директорларына үкім шықты. Олар үш жылда бюджетке түсуге тиіс 12 млн теңгені ұтыс ойынына салып жіберген.

Ақтөбе соты спорт мектептерінің директоры қызметтерін атқарған Мақсат Әуелбаев пен Қайрат Дильмановты соттады. Олар 2022 жылдың қаңтары мен 2024 жылдың шілдесі аралығында пайда тапқан, түскен ақшаны жеке мақсатқа жаратқан.

"Қылмыстық іс алғашында “Алаяқтық” бабымен тергелді. Іс сотта өзгертілді. Алдын ала келісіп, сенімге кіріп, қызметтік өкілеттігін пайдаланып, ірі көлемде пайда табу бабымен айыпталған бұрынғы лауазымды қызметкерлер жазасын бостандықта өтейді. Сот Мақсат Әуелбаевқа 2 жыл бас бостандығанан шектеу, Қайрат Дильмановқа 2 жыл 6 ай бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар оларға сотпен 3 жылға дейін мемлекеттік қызметпен айналысуға шектеу қойылды”, – делінген ақпаратта.


Қазақстанда істі болған азаматтар енді құмар ойын ойнап, бәс тіге алмайды


Екеуінің де қазір жұмыссыз екені айтылды. Прокурор лауазымды қызметте жүріп, балалардың ойын алаңын саудалап, түскен ақшаны бәске тіккен директорларды 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. 

Сот шығынның өтелгені және олардың бұрын сотталмағанын алға тартты.

"Іс материалдарында бюджет ақшасының жеке мақсатқа жұмсалу 2022 жылдан басталғаны айтылады. 2022 жылдың қаңтары мен 2024 жылдың шілде аралығында бюджет ақшасы арнайы схемамен жоғалған. Алғашында сотталушылар бір мектепте жұмыс істеген. Әуелбаев футболдан спорт мектебінің директоры, Дильманов орынбасары болады. Кейін Дильманов хоккей спорт мектебіне директор болады. Бірақ заңсыз ақша алу тоқтамаған. Футбол алаңын жалға алушылардан жалпы сомасы 12 248 285 теңге түскен. Ақша мектептің арнайы есепшотына емес, туыстарының, күзетшінің жеке есепшотына аударылып отырған. Ал түскен ақшаны ұтыс ойынына салып жіберген”, – делінген хабарламада.

Спорт мектебінің бұрынғы директорлары енді пробациялық бақылауда болады. Олардың түнгі уақытта көңіл көтеру орындарына баруына сотпен тыйым салынды. Егер талап орындалмаса, бас бостандығынан шектеу бас бостандығынан айыру жазасына өзгертіледі.

Еске салсақ, Солтүстік Қазақстан облысында құмар ойын ойнаған мемлекеттік қызметкерлер жұмыстан шықты.

STAN.KZ
Сейсенбі, 15 Сәуір, 2025 21:17
Талқылау