Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Тастандылар» үйіндегі «Алтын белгі» иегері: Балаларымның бақытты болғанын тілеп отырамын (фото,видео)

Тараз қаласында туыстары бас тартып, тұрғылықты мекені жоқ жанға айналғандар арасында бұрыңғы басшы мен оқу озаттары тұрып жатыр.

тар23

Ол үш бала тәрбиелеп қана қоймай олардың болашағына үлкен еңбегін сіңірген жан. Айтуынша балаларын Қазақстандағы, Ресейдегі білімі мықты деген университеттерде оқытқан.

«Өмірге кірген ізі бар, шыққан ізі жоқ» жандардың бар екенін мен осы босағадан білдім. Бұл мекеме «Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Тараз қалалық белгілі тұрағы жоқ тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу орталығы» деп аталады.

тар2

Өткен күндер келмеске кеткенімен, жүрегіңді тербетіп, тұла бойыңды тебіренткен жақын жандар мәңгі есіңде қалмай ма? Ал бұл орталықты мекен еткен жандардың кейбірінде бұл да жоқ.
Мұрат Бекбосынов Қызылорда өңірінде туған.

Ол бала кезінен өжет те өткір, зейінді де зерек болып өсті. Мектепті алтын медальмен бітірді. Жар құшып, бала сүйді. Қызметте көтеріліп, басшы болды. Әйелі дүние салып, үш перзентпен жалғыз қалғанда ғана ол өзінің жетім өскенін сезінген еді.

Айтуынша бар арманы үш бөбегін жеткізіп, ауылдағы малшаруашылығына үлес қосу еді. Ол өз арманына жету үшін, Тараз қаласы 1-ші мөлтекауданындағы пәтерін туыс інісіне беріп, ауылға мал бағуға кетті.

Араға бірнеше жыл салып, қайтып оралғанда пәтерінің қолды болғанын бір-ақ білді. Ол оқу озаты, білікті маман, белсенді басшы болған. Бірақ, уақыт өз дегенін алды. Бір күнгідей болмай, өткен дәурен артта қалды. Қыз қияда, ұл ұяда.

Тек олар қайда жүр? Неге әкесін іздемейді? Өз қағынан жеріген иттей неге ізім-қайым жоғалды. Үш бірдей перзенті бола тұрып, осынау атынан ат үркер мекемені мекендеп жатқан әкесінің жағдайы неге қызықтырмайды екен оларды?…

Мен Мұрат ақсақалға жақын келіп, есімімді айттым. Жүзіме барлай қараған ол: «Құралайжан айналайын, қандай едің? Құрбының өзің теңдес, маңдайы едің» деп күлімсіреді. Қария менің толқынысымды сезіп, емен-жарқын сөйлесуге осылай ықпал жасап отыр.

тар

Әңгіме барысында перзенттеріне шаң жуытпады. Олардың да егде тартқанын алға тартып, өз ғұмырын сүруге тиіс екендіктерін айтып, өзінің қолбайлау болғысы келмейтінін жеткізді.
« Ғабит, Бақыт, Майра Бекбосыновтар менің ұл-қызым. Оқыттым, тоқыттым, ұядан ұшырдым. Өкпем жоқ. 1995 жылдың 20 наурыз күні 8 пойыздың, 6-шы вагонына шығарып салып, жылап-жылап қалғанмын. Енді жыламаймын. Олар да жас емес. Өз өмірін сүрсін.

Пендеміз. Жүрегім қатып кетті. Осы мекеменің басшысы Ержан балам, 70-жасымды тойлап бергенде: «Кімді шақырайын?» деп сұрады. «Құдай жалғыз, мен жалғыз» дегенмін, Арманым жоқ. Күліп-ойнап таң атып, күн батса болды. Осы мекеме қызметкерлерінің бірі қызым, бірі ұлым»,- деді ақсақал ақжарқын пейілмен.

Кетерімде: «Маңдайыңа күн тимесін, екі бетіңе шаң тимесін. Қызыңыз қыздай, ұлыңыз ұлдай болсын» деп бата берді қарт. Қабағында бір мұң жоқ. Көңілін кірбің шалмаған, аспанын бұлт торламаған кейіпте қасқайып отыр.

«Балаларымды ұмыттым. Кештім» дейді. Онда неге балаларын шығарып салған 1995 жылдың 20 наурыз күнгі 8-ші пойыздың 6-шы вагонын 20 жыл өтсе де ұмытпайды?! Күндердің күнінде ұл-қызымен қауышатынына сенеді. Тілшілерден көмек сұрап, оларды тауып беруін өтінді.
Ал Николай Светлинский мүлде бөлек жан.

Өткен-кеткенге жәутеңдей қараған көзінен «менің туысым емес пе екен?» деген жазуды сөзсіз оқисың. Беймәлім тіршілігіне лағынет айтқандай ауыр күрсінді. Тағдыры қоларбаға таңылған қарттың өткені мүлде беймәлім. Жанарын жас жуып, еңкілдей жылап отырып, өткені санасынан өшіп кеткенін айтты.

тар4

Ешкімді есіне түсіре алмайды. Тек Оңтүстік Қазақстан өңірі, Шымкент қаласының маңындағы, Вановка деген елді-мекен ғана есінде қалыпты. Жас жуған жанарын қалқалап отырып, «Бәлкім менен бас тартқан шығар.

Туыстарым бар екенімді ұмытқан шығар? Мына күйде кімге керекпін?» дейді егіліп. Қарлыққан үн, әжім торлаған жүзі мен қауқарсыз хәлі тым аянышты атайды бір сәт құшағыңа алып туысына айналғың-ақ келіп кетеді.

Ол өзінің өмірін жолмен байланысты екенін ғана есінде сақтапты.
«Жүргізуші болғанмын» дейді. Үмітпен айтты. Өзі нақты білетін жалғыз дерек «Жүргізуші» болғандықтан, бәлкім біреу танып қала ма деп үміттенеді.

Оқи отырыңыз:

Адамға өзгенің қанын құйса, сол адамның мінезі, жүрісіне дейін берілетіні рас па?

Оңтүстікте бір ауыл халқы жаппай ауруға шалдығып жатыр

Қызылордалық қожа «қарадан» алған келінімен бір дастарханнан шай ішпейді

Дәурен Айдарқұлов алғаш рет отбасылық суретін жариялады

Талқылау