Тасқынға байланысты Тұздыбастаудағы жағдай ушығып барады
Алматы облысы Тұздыбастау ауылында бір түнде мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Үйлерін су басқан жұрт құжаты мен киімін ғана алып үлгерген. Қызыл судың кесірінен бала-шағасымен далада қалған тұздыбастаулықтар қазір қаладағы туыстарының үйлерін паналаған. Оқиға орнына облыс əкімі Амандық Батталов та жетті. Алайда, əкім ауыл ахуалын толық білмейтін боп шықты. Жағдайды жасырған жергілікті шенеуніктер облыс басшысын құрғақ жермен алып жүріп, апат көлемін азайтып көрсетуге тырысқан. Алайда ол өтіріктері көп ұзамай ашылып қалды. Бұл туралы КТК хабарлады.
Қызыл судың ең ауыр зардабын тартып жатқан Тұздыбастау ауылы боп тұр. Мұнда таңғы төртте су деңгейі күрт көтеріліп, тұрғындар үйлерін тастап қашуға мəжбүр болған. Бала-шағасын көтерген жұрт үстіндегі киімімен шығып кеткен. Қазір сол баспаналарына қайтып, қалған киімдерін алып кетіп жатыр.
«Ешқандай еш жерден көмек болған жоқ. Әкімдіктің адамдары қолдарын қалтасына салып кетіп қалды. Балаларым бір-бір киіммен ғана кетті. Жылы киімдерін алып шығып келе жатырмын»,- дейді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Жәмила Бидайбекова.
Тұрғындар түн ортасында жалғыз қалдық деп құтқарушылардың болмағанын айтып отыр. Десе де, төтенше қызмет оны теріске шығаруда. Айтуларынша, осында түні бойы 290 үйден мыңға жуық адамды эвакуациялаған. Ал əкімдіктегілердің мəліметі болса мүлде басқа. Айтуынша, бар жоғы 29 ауланы басып, 4 ақ үйге су кірген. Яғни, айтарлықтай ахуал болмаған. Осылайша жағдайды барынша жасыруға тырысқандар, оқиға орнына жеткен облыс əкімі Батталовқа да құрғақ жерді көрсетіп, қайтарып жібермек болды. Алайда, ол ойлары іске аспай қалды.
Бала-шағасын туыстарында қалдырған тұрғындар үйіне ұры түсе ме деп қазір осында кетпей, қарауылдап жүр. Ал Батталов үйін су басқан тұрғындарға материалдық көмек берілетінін айтты. Ол үшін судың беті қайтқан соң арнайы комиссия құрылып, шығынды есептейтін болады. Десе де, алдағы уақытта күннің жылитынын ескерсек мұндай үйлердің саны әлі де арта түсуі мүмкін.
Жіберіп алмаңыз:
Жапон қызына үйленген қазақ жігіті: Әйелім туыстарымнан қарыз сұратпайды
Жаңа дерек: Қарағандыда бір тіс дәрігерінің кесірінен 2 бала қайтыс болған
Елімізде оқушыларға үзіліс кезінде асық ойнауға кеңес берілді
Бар жанымен беріліп өлең оқыған қыз желіде жұлдыз болды (видео)