Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тарихи жүлде: Бибісара Асаубаева шахматтан үш дүркін әлем чемпионы атанды

шахматФото:Kazakhstan Chess Federation

Катар астанасы Дохада әйелдер арасындағы шахматтан әлем чемпионатында қазақстандық ару Бибісара Асаубаева топ жарды. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

15 турдан тұратын блиц шахмат сайысында 140 спортшы бақ сынады. Айтулы додада отандасымыз 11 ұпай жинап, жартылай финалға жолдама алды.

Бибісара жартылай финалда қытайлық Чжу Цзиньэрді 3:0 есебімен айласын асырды. Айта кетейік, қытай қызы блиц шахматтан әлем чемпионатының қола жүлдегері.Ал ақтық сында отандасымыз украиналық екі дүркін әлем чемпионы Анна Музычукты 2,5:1,5 есебімен айқын басымдықпен жеңді.

Осылайша Бибісара Асаубаева үш дүркін әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Ол бұған дейін 2021 және 2022 жылдары блиц шахматтан әлем чемпионатында екі мәрте топ жарған. Бибісара Асаубаева шахматтан үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ қызы.

Бұл жеңісінен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваны жеңісімен құттықтап, ІІ дәрежелі Барыс орденімен марапаттады.

“Бибісара Асаубаева Қазақстаннан шыққан блицтен үш дүркін әлем чемпионы және майталман шебер ретінде дүниежүзілік шахмат тарихына енді. Қазақстандық шахмат қауымдастығы мемлекетіміздің көк туын жаһандық аренада биік желбіреткен отандасымыздың жеңісін мақтан тұтады. Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстардағы айтулы жетістіктері мен ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін оны ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым, – делінген құттықтауда.

 

Ақерке Өмірхан
Сәрсенбі, 31 Желтоқсан, 2025 00:45