"Тарихи ота": Жол апатынан қаза тауып, донор болған 18 жастағы шымкенттіктің кімді құтқарып қалғаны анықталды
25 шілдеде "Шымкент жүрек орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы дәрігерлері жүректі алмастыру операциясы туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: publicdiplomacy.su
Апат салдарынан көз жұмған 18 жастағы Шымкент тұрғынының жүрегі Түркістан облысының 58 жастағы тұрғынына салынды. Ол 2021 жылдан бері трансплантацияны күтіп отырғандар тізімінде. Ол жүрек трансплантациясын елордалық ауруханада күткен. Алайда сәті Шымкент қаласында түсіпті.
"Қазір науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Гемодинамикасы тұрақты, есін жиды", – делінген медициналық орталықтың хабарламасында.
Күрделі ота облыстық клиникалық аурухана мамандарының үлкен тобының, "University Medical Center" корпоративтік қоры Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы визиттік бригадасының, жедел жәрдем қызметі мен медициналық авиацияның үйлесімді жұмысының арқасында жүзеге асты.
Медициналық орталық бұл операцияны “тарихи ота” деп атады.
Еске салайық, Шымкентте 18 жастағы жігіт жүрегін беріп, донор болған еді. Мәліметтерге сенсек, донор жол апатынан зардап шегіп, ауруханада көз жұмған.