Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда екпінді желдің салдарынан 41 адам зардап шекті

Таразда қатты жел автобус аялдамаларын, ағаштарды құлатып, көпқабатты үйлердің шатырын жұлып әкетті. Қала ішінара жарық пен газсыз қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап.

Желдің екпіні секундына 30 метрден асты. Қазір қала аумағында 24 жедел топ жұмыс істеп жатыр. 

Таразда екпінді желдің салдарынан 41 адам зардап шекті. Оның 5-уі ауруханаға жатқызылды. Өңірде жауған қар мен қатты боран салдарынан көліктің барлық түрі үшін бірнеше бағытта қозғалыс жабылды. Облыстың тас жолдарынан 40 адам эвакуацияланды. Олардың арасында екі бала бар. Жолаушылар жылу пункттеріне жеткізілді. Жеті аудан мен облыс орталығының оқушылары мен студенттері онлайн оқытуға көшті.

Қазір Меркі өңірінде тұрақты жағдай сақталуда. Қордай ауданында ауа райы қалыпты. Шу ауданында жел басталады, бірақ ауа райының нақты параметрлері жоқ. Облыс бойынша апатты жоюға барлығы 500-ден астам адам жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар департаменті қызметтің күшейтілген нұсқасына көшті.

“Мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің күштері мен құралдары күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінде сағат 12:00-ден бастап жедел штаб құрылып, жедел желі тартылды. Бұл жағдайға байланысты психологтар түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жел ертең таңға дейін созылады. Сондықтан құтқарушылар тұрғындардан үйлерінен орынсыз шықпауды және қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды”, – деп мәлімдеді Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Руслан Шариев.

Талқылау