Блогер мен оның сыбайластары спорт кешені туралы жарияланымды өшіру үшін 2,5 миллион теңге, бір қызметкерді жұмыстан шығару, екіншісін қайта жұмысқа алу және екі жылдық абонемент беруді талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тараз қалалық №2 соты баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Блогер Абай “Сократ” Жүндібаев өзінің Facebook-тегі парақшасында түрлі мемлекеттік құрылымдар туралы сыни тұрғыдағы жазбаларды жиі жариялап отырған. Былтыр ол Тараз-Арена спорт кешенін де сынға алған. Алайда қоғамның немесе шенеуніктердің реакциясын күтпей, мекеме директоры Жанат Бабаевтен ақша талап ету арқылы пайда табуды көздеген.
Ол тағы екі адамды тартып, ақшаны алып, өзіне қауіпсіз жағдайда жеткізуді тапсырған. Сын жазбаны өшіру үшін блогер 2,5 миллион теңге талап еткен. Бұдан бөлек, мұндай ақпараттың таралмауы үшін комплаенс-қызметінің бір қызметкерін жұмыстан шығаруды және бір әйелді қайта жұмысқа алуды сұраған. Спорт кешенінің директоры барлық талаппен келісіп, сұралған соманы берген, сондай-ақ қосымша ретінде екі жылдық абонемент ұсынған.
Сотта блогер кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Ал оның сыбайластары кінәні мойындамай, ақтауды талап еткен.
Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігі (бопсалау) бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру, мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған. Прокурор айыпталушыларға 4,5 жыл түрме жазасын сұраған.
Судья үш айыпталушыны да кінәлі деп танып, Абай Жүндібаевқа 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын, ал оның екі сыбайласына 3 жылдан бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда кәсіпкерден әлеуметтік желілерде компромат жариялаймыз деп қорқытып, 10 миллион теңге бопсалаған блогерлер Дамир Кушеев пен Руслан Каримов ұсталғаны хабарланған еді.
Ақпаратқа сәйкес, блогерлер әлеуметтік желілерде компромат жариялаймыз деп қорқытып, 8 миллион теңге бопсалаған. Сондай-ақ олар жәбірленушіні сот шешімімен кәсіпкерге төлеуге міндеттелген 20 миллион теңгеден бас тартуға көндірмек болған. Қаскөйлер 10 миллион теңге алып жатқан жерінде ұсталды.
Қазір блогерлер уақытша ұстау изоляторына қамалып, бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
