Танымақ түгілі атын да білмеймін: Мәскеуде университет терезесінен құлаған Томирис Байсафаның өліміне кінәлілер әлі бостандықта жүр
Мәскеудің бетке ұстар университетінің терезесінен құлап кеткен қазақ қызы Томирис Байсафаның өліміне күдіктілер әлі бостандықта жүр. 13 сәуірде университет қабырғасының төртінші қабатынан құлап, бүгінге дейін ауруханада жатқан қазақ қызының өлімі беймәлім күйде қалуы мүмкін. Ал тергеушілер болса сол күні болған оқиғаны Томирис есін жиғаннан кейін өзі баяндап береді деп үміттенген болатын. Бұл туралы КТК хабарлады.
Бірақ, өкінішке орай 20 күннен аса аппаратқа қосулы жатқан қазақ қызы тіл қатпастан, бүгін таңға жуық жан тапсырды.
Естеріңізге сала кетсек, Томиристің биіктіктен құлауына бір емес, екі бірдей Дағыстан азаматы күдікке алынған болатын. Дегенмен, бұл істі жүргізген тергеушілер екеуінен де ілік таппай, бостандыққа жібере салған. Енді қазақстандық студенттің ажалына әкеп соқтырған аудиторияғы жағдай жұмбақ күйінде қалғалы тұр.
Томирис Байсафаның Мәскеудегі ең танымал оқу орнының терезесінен құлап кетуі жұмбақ болып тұр. Себебі, студенттер лық толған ғимаратта қазақ қызының терезеден құлағанын көрген-білген жан жоқ. Тек кейбір мәліметтер бойынша, Томиристі Магомед Котиев есімді дағыстандық студент итеріп жіберген болуы мүмкін делінген. Алайда, Дағыстан азаматы тергеушілерге отандасымызды танымақ түгілі, атын да білмеймін деген.
«Ол қызды мен итеріп жіберген деген қауесетті естідім. Бірақ, олай емес. Ол қызды танымақ түгілі, атын да білмеймін. Тек бір-екі рет қана көргенім бар. Оның үстіне, ол қыз құлаған кезде мен басқа жерде болғанмын», – дейді Магомед Котиев.
Айта кетейік, бұған дейін Томиристің Дағыстанның бұрынғы Үкімет басшысының ұлымен жақын араласқаны туралы хабарланған. Қазақ қызының терезеден құлауына бұл жігіттің қатысы бар деп, одан жауап алынған. Себебі, оның студент қызбен ұрсысып тұрғанын көргендер бар. Оның үстіне екеуі жақын қарым-қатынаста болған деген сыбыс бар. Алайда, дағыстандық саясаткердің ұлынан күдікті ретінде емес, тек «куәгер» ретінде жауап алынған.
«Отандасымыз Астана уақытымен бүгін таңғы сағат жетіде көз жұмды. Біздің дипломаттарымыз Мәскеуде қайтыс болған қыздың ата-анасының жанында таңертеңнен бері жүрді. Қазір олар марқұмның денесін Қазақстанға жеткізуді ұйымдастыру бойынша қажетті рәсімдерді жүргізуде. Біз осы жағдайда толықтай ат салысып, жақындарына көмек көрсететін боламыз»,- деді ҚР СІМ ресми өкілі Әнуар Жайнақов.
Қазақ қызының мәйітін елге жеткіземіз деген Сыртқы істер министрлігі енді тергеу ісіне де араласпақ. Дегенмен, әзірге айта қоярлықтай айғақ жоқ.
Мәскеудің халықаралық қатынастар институтында әлемнің 60 елінен келген азаматтар оқиды. Алайда, 54 тілді үйрететін білім ордасы отандасымыздың өліміне әкеп соқтырған оқиғаны ешкім көрмеді деп отыр. Ал марқұмның тілге келмей жан тапсыруы істі мүлде қиындатты. Айта кетсек, құзырлы органдар Томиристі «өлімге итермеледі» деген баппен іс қозғаған болатын.
Тағы оқыңыз:
Бастық болған ұнайды: Мөлдір Әуелбекова болашақта шенеунік болуы мүмкін
Көптен бері көрінбей кеткен Бейбіт Қорған жаңа бейнебаянын ұсынды (видео)
Оққағарларың халықты итермесін: Тыңдарманы Қанат Үмбетовке өз орныңды біл деп ұрысып тастады