Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Танымал композитор Кеңес Дүйсекеев өмірден өтті

Қазақстандық танымал композитор Кеңес Дүйсекеев бақилық болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы әнші Бота Бейсенова хабарлады.

"Қаншама әсем әндерді еліне сыйлаған композитор - Кеңес Дүйсекеев ағамыз өмірден озды.Өте өкінішті. Амал қанша. Иманды болсын. Туған туыстарына қайғырып көңіл айтамыз", - деп жазды әнші Instagram-дағы парақшасында.

Кеңес Дүйсекеев 1946 жылы 10 ақпанда Қызылорда облысында дүниеге келген. Композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері (1994 ж.). Алматы консерваториясын бітірген (1974 ж.). 1974-1976 жылдары “Гүлдер” ансамблінің бас дирижері және музыка жетекшісі, 1976-1979 жылдары “Қазақконцерт” гастрольдік-концерт бірлестігінің музыка жетекшісі, 1975-1984 жылдары Қазақ теледидары музыка редакциясының бас редакторы болып қызмет атқарған. Дүйсекеевтің жетекшілігімен “Тамаша”, “Халық — талант қайнары”, “Шабыт”, “Жастарға арналған музыкалық кештер”, “Музыка әлемінде”, т.б. теледидарлық бағдарламалар шығарылды. 1984- 1997 жылдары Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті эстрадалық-симфония оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. 1997 жылдан “Қазақконцерт” гастрольдік-концерт бірлестігінің көркемдік жетекшісі. Ол – “Толғау” симфониясының (1984), “Жалаңтөс батыр” симфония поэма-картинасының (1996), “О, дүние” кантатасының (1997), “Жыл мезгілдері” романстар циклінің (1991), “Мәди”, “Аққу Жібек” мюзиклінің, “Алдар көсе” опереттасының, симфония-концерттер, аспаптарға арналған концерттер, камералық оркестрге шығармалар, соната, рапсодия, вариациялар және 200-ден астам әндердің авторы.
 

STAN.KZ
Бейсенбі, 09 Шілде, 2020 12:54
Талқылау