Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда "шексіз кешбэкті" уәде еткен банк жазаланды

Танымал қазақстандық қаржы ұйымы Сбербанк жаңа өнімдеріне клиент тарту үшін шындыққа жанаспайтын жарнама жариялағаны әшкере болды. Бұл туралы Stan.kz тілшісінің ресми сұратылымына ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері жауап берді. 

Редакция оқырманы Сбербанк сайтындағы ерекше жарнамаға көзі түсіп, бізге хат жолдаған болатын. Аталмыш жарнамада танымал банк өздерінің карталарын "шексіз cashback" ие деп сипаттап, басты бетке жариялаған. Алайда іздене келе әлгі жарнамалардағы карталардың cashback көлемі шектеулі екені анықталыпты. Осыған орай, біз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хат жолдаған болатынбыз. Агенттік мәліметіне сүйенсек, қаржы ұйымы расымен де заңбұзушылыққа жол беріпті. 

"Банк табыстаған құжаттарға сәйкес, жарнамадағы карталарға есептік мерзім ішінде теңгелік есепшот үшін 150 мың теңге, долларлық есепшот үшін 100 USD еуролық есепшот үшін 100 EUR және рубльдік есепшот үшін 3000 RUB-ден аспайтын cashback түсетіні көрсетілген. Құжат тексерісі тағайындалған сәтте, Банк ресми сайтында cashback-тің максималды сомасы көрсетілмеген", - деді агенттіктің өкілдері. 

сбер

Агенттіктің жауабына сәйкес, ҚР "Жарнамалар туралы" заңының 7 бабы 2 бөлімі 1 тармағына сәйкес, өнiмдердiң табиғаты, құрамы, дайындау тәсiлi мен күнi, мақсаты, тұтыну қасиеттерi, пайдалану шарттары, сәйкестiк сертификатының, сертификат белгiлерiнiң және ұлттық стандарттарға сәйкестiк белгiлерiнiң болуы, саны, шығарылған жерi сияқты сипаттамаларына сай келмейтін жарнама дәйексiз жарнама болып табылады.



"Шексіз Cashback" сөзі cashback көлімінің шексіз болуы деген мағынаны білдіретіндіктен, бұл сөз тіркесі карта қолданушыларын жаңылдырып, жарнамаланған өнімнің бұл сипаттамаға сай келмейтінін аңғартады. 

Ал ҚР "Қазақстан Республикасындағы банктер мен банк қызметі туралы" заңының 9 бабында көрсетілгендей, банктерге қызметіне сай емес жарнама жасауға тыйым салынған. 

"Осылайша, құжат тексерісінен кейін банк ресми сайты www.sberbank.kz-те шындыққа жанаспайтын жарнамалық материал жариялап, заңға қайшы әрекет еткені анықталды. Бұған сәйкес, банкке қатысты әкімшілік заңбұзушылық бойынша іс қозғалып, ҚР ҚК-нің 11 бабы 213 тармағы бойынша жауапкершілікке тартылды. Банкке 200 АЕК, яғни 555 600 теңге көлемінде айыппұл салынды", - делінген ресми хабарламада. 

 

Талқылау