Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Танымал блогер Карина Оксукпаева 90 мың теңге жалақы ұсынғаны үшін көптің сынына қалды

Фото: instagram.com/oksukpaevak

Танымал блогер Карина Оксукпаева қызметкерлеріне төмен жалақы төлейтіні үшін сынға қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде блогер Карина Оксукпаеваның Aiel жобасындағы қызметкерлеріне 90 мың теңге жалақы төлейтіні туралы ақпарат тарады. Желі қолданушылары блогердің әрекетін адам еңбегін бағаламау деп айыптады.

“HeadHunter сайтында бос жұмыс орнын көзім шалды. Жалақы – 90 мыңға дейін, жұмыс кестесі 6/1, күніне 8 сағат. Мұндай жалақыға қалай қарайсыздар? Және бұл – Карина Оксукпаеваның жобасы”, – деп жазды Threads қолданушысы.

Фото: Threads/@its_ardakk

Желідегі дауға Карина Оксукпаеваның командасындағы қызметкер пікір білдірді. Ол аталмыш бос жұмыс орнының жүктемесі аз екенін, маманның тек тұтынушылармен хат алмасып отыратынын айтқан. 

“Фитнес-трекерлерде толықтай қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі бар, 10:00-19:00 арасында компьютерде отырудың қажеті жоқ. Міндеттеріне: байланыста болу, тұтынушылардың тамақтануын тексеру, жаттығулар туралы ескерту және олардың орындалуын тіркеу кіреді”, – деп жазды Оксукпаеваның өкілі. 

Желі қолданушылары блогердің қызметкерімен келіспейді, олардың айтуынша, хабарландыруда күні бойы байланыста болу, жобаның 60 қатысушысына қызмет көрсету керек екені жазылған. Желі қолданушылары блогерді Aiel фитнес-жобасында үлкен жұмыс пен жақсы сатылымға қарамастан, қызметкерлеріне қосымша төлем жасамайды деп айыптады.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 10 Қыркүйек, 2025 21:52