Танымал әнші Мұқасан Шахзадаев әріптесін соққыға жыққаны үшін ұсталды

Әнші Ғалымжан Сүлейменнің адвокаты Инга Иманбай “Нұр-Мұқасан” тобының жаңа солисін соққыға жыққан Мұқасан Шахзадаев ұсталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ғалымжан Сүлейменге ота жасалған, ол қазір аурухана жатыр.
“Кеше полиция (Мұқасанды – ред.) таппай жатыр деп хабарлап едік. Қазір ұсталды. Жедел тергеу әрекеттері басталды. Оған Ғалымжан мырза екеуміз де қатысуымыз керек, яғни беттестіру деген сияқты іс-шаралар. Бірақ қазір Ғалымжан ауруханада жатқандықтан, бұл әрекеттерге оның жағдайына қарай барамыз. Істің құрамы бойынша 107-баптың 2-бөлігіне келеді, яғни қасақана мотивпен, алдын ала сөз байласу арқылы денсаулыққа зиян келтірілгенін, бірнеше күн бойы оның жауапкершіліктен қашып жүргенін ескерсек, міндетті түрде түрме жазасы болуы керек. Біз соны талап етеміз”, – деді ол.
Бұл жағдайға байланысты Stan.kz полицияға сауал жолдады.
Оқиғаның мән-жайы
Еске салайық, бұған дейін Мұқасан Шахзадаев “Нұр-Мұқасан” тобының жаңа әншісін соққыға жықты деп айыпталғаны хабарланған еді.
Кейінірек “Нұр-Мұқасан” тобының әншісі Мұқасан Шахзадаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.