Мәжілісте мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын таңғы 7-де бастау ұсынылды
Фото:freepik.com
Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин орталық атқарушы органдар, ұлттық компаниялар және оларға қарасты ұйымдардың қызметкерлері үшін жұмыс күнінің басталу уақытын жылжытуды ұсынды. Оның пікірінше, бұл шара Астана мен басқа да ірі қалалардағы көлік кептелістерін азайтуға көмектеседі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжілісмен Асылбек Нұралин премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады. Ол Астана мен еліміздің басқа да ірі қалаларындағы көлік инфрақұрылымының шамадан тыс жүктемесіне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, мегаполистер жүйелі түрде кептелістерге, қоғамдық көліктер қозғалысындағы іркілістерге тап болып жатыр және жол-көше желісіне түсетін жүктеме артып барады. Бұл жағдай халықтың күнделікті өміріне және қала инфрақұрылымының дамуына кері әсер етеді.
"Астана мен Алматының ерекшелігі – агломерациялық өсімнің жоғары қарқыны, маятникті көші-қон мен өздігінен жүретін урбанизация қатар жүреді. Бағалаулар бойынша, жақын жылдары Астананың халқы екі миллион адамға жетуі мүмкін. Жұмыс орындарының және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының басым бөлігі қаланың орталығында шоғырланған. Қарбалас уақыттарда қала маңынан келетін тұрғындар легімен бірге көлік коллапсы пайда болады", – деп атап өтті депутат.
Нұралин келтірген мәліметке сүйенсек, елордада жұмыспен қамтылған халықтың жартысынан астамы мемлекеттік органдарда жұмыс істейді. Осыған байланысты ол орталық атқарушы органдардың, ұлттық компаниялар мен оларға қарасты ұйымдардың қызметкерлері үшін жұмыс күнінің басталу уақытын өзгерту арқылы көлік ағынын қайта реттеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
"Зерттеулерге сәйкес, таңғы уақыт еңбек өнімділігі тұрғысынан анағұрлым тиімді. Жұмыс кестесін 09:00-ден 07:00 немесе 08:00-ге жылжыту ұсынылып отырған шараларға сай келеді", – деді Нұралин.
Депутат сондай-ақ көлік саясатын әзірлеу кезінде халықаралық озық тәжірибелерді ескеруді ұсынды: қоғамдық көлікке басымдық беру, велосипед және жаяу жүргінші инфрақұрылымын дамыту, автотұрақтарды шектеу, бағдаршамсыз магистральдар, көпдеңгейлі жол айырықтары және қаланың кіреберісіне орналастырылатын тұрақтар.
Мәжілісмен көлік саясаты саласында шаралар әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құруды, көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға қосымша бюджет қаражатын қарастыруды, сондай-ақ көлік ағынын, жаяу жүргінші өткелдері мен жол айырықтарын жоспарлау, салу және басқару кезінде орталық және өңірлік құрылымдар арасындағы үйлестіруді күшейтуді қажет деп санайды.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
