"Тамақ іше алмаймыз": Екібастұзда көпқабатты үш үйдің жертөлесі нәжіске толған
Екібастұзда үш жыл бұрын салынған тұрғын үй кешенінің тұрғындары жағымсыз иіске тұншығып отырмыз деп дабыл қағуда. Орталық кәріз жүйесіне қосылмаған үйлердің жертөлесін осы уақытқа дейін аққан нәжіс суы басып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп хабарлайды.
Қолқаны қауып лоқсытатын жағымсыз иістен үш үйдің тұрғындары безіп кеткісі-ақ келеді. Жертөлеге толған нәжіске үйір шыбын шіркей мен құрт-құмырсқа тұрғындардың пәтерлерінде қаптап кеткен.
"Жертөлеміз нәжіске толып кетті. Пәтерлерді түрлі жәндіктер басып алды. Ал сасыған иісті айтып жеткізу мүмкін емес, подьезге кіре алмайсыз. Пәтердегі қаптаған құрт-құмырсқа балаларымыздың аузы-мұрны мен құлағына кіріп кете ме деп қорқамыз. Өткенде сондай жағдай бола жаздады", - дейді Екібастұз қаласының тұрғыны Данияр Күзембаев.
Күзембаевтар отбасы пәтерін былтыр сатып алған. Кетейін десе, сасыған пәтерді алатын адам табылмайды, оның үстіне төлейтін несие сомасы алдағы алты жылға бөлінген.
"Үйлер арзан емес, біз бұны тегін алып жатқан жоқпыз. Өзіміз сатып алдық. Сасық иіс үйге кіріп кетті. Тамақ іше алмаймыз, не балалармен отыра алмаймыз үйде. Әке-шешеміздің үйіне баруға тура келіп отыр", - дейді Әйгерім Күзембаева.
- Ғалымдар коронавирустың су құбырлары арқылы таралатынын дәлелдеді
- Әкімдіктің алдына бір көлік нәжіс төкпек: Алматыда кәріз қалдығын таситын жүргізіушілер жұмыссыз қалған
Үйлер тұрғын үй құрылысын несиелендіру бағдарламасымен үш жыл бұрын салынған. Жаңа баспаналарға 180 жас отбасы кіріпті. Тұрғындардың айтуынша, мердігер жасаған кәріз құбыры жүйесі талапқа сай емес. Ал осы үйлердің басқарушысы құбырының орталықтандырған кәріз жүйесіне қосылмай, жер үйлердегідей септикке жалғанғанына таң. Өйткені, септиктен кәріз суларына сорғыштың шамасы келмейді. Әкімдіктегілер бәленің бәрін тұрғындардың өзіне жауып отыр.
"Барлығы жоба бойынша жасалған, сараптамадан өткен. Кәріз жүйесіне дәретхана арқылы күл қоқыс тастайды. Үнемі соларды сорып, тазартумен келеміз. Кәріз жүйесі модулінің кепіл мерзімі бар, мердігер сол бойынша жұмыс істеп жатыр", - дейді Екібастұз қалалық құрылыс бөлімі бастығының орынбасары Архат Әмірханов.
Шенеуніктер сасыған үйдің мәселесін "шешіп береміз" дейді. Бірақ мерзімін айтпады.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
