"Сын айтылғанына қуанамын": Талғарға мобилографымен барған Ардақ Назаров өзін Абаймен салыстырды
Депутат Ардақ Назаров Талғарға сапарынан кейін өзіне тағылған сындарға жауап беруге тырысты. Оның үстіне Назаров желідегі сындарды оқымайтынын және тіпті өзіне қатысты пікірталас болғанына қуанышты екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
"Мысалы, басында пікір оқымаймын деп айтқанмын. Басымды қатырып қайтемін? Тіпті біздің пайғамбардың өзін жынды деген, Иса пайғамбарды өлтірмек болған. Абайды даттаған кезде, Шәкәрімді құдыққа тастаған кезде Ардақ Назаровқа сын айтылғанына қуанамын. Яғни осы депутат болғанға дейін сынды әрбір жерден еститінбіз. Ол уақытта өз отбасыма, спорт залыма, жастарға жауап беретінмін. Ал қазір мұнда халықтың жауапкершілігі тұр. 20 миллион адам бар болса, 20 миллион пікір бар. Барып мұндай емеспін, осындаймын, жақсы ниетпен бардым. Азаматтық парызымды орындап жатырмын демеймін. Жанымда мобилограф болған жоқ деп ақталмаймын ғой. Өзімді, ісімді білемін", – деді Ардақ Назаров.
Сонымен қатар ол журналиске неліктен ұрсып жібергенін түсіндірді.
"Жер қымбат, ел қымбат, ата-ана қымбат және адамның ар-намысы қымбат. Ар-намысыма тіл тигізіп жатқандардың санасы біледі. Бірақ ертең біреудің қарғысы, енді бірінің жаман сөзі болады. Мысалы, біреуді қаралап көрсетіңіз. Бірақ ол мұндай адам емес болып шығады. Сол кезде ол адам сізге ренжуі мүмкін. Сіз айтқан жаман сөз ұрпағыңызға тиеді. Содан сақ болуыңызды сұраймын", – деді Ардақ Назаров.
- "АЭС-ке бас ауыртпайтындар жиналыпты": Олимпиада чемпионы Елдос Сметов "алтын" той жасап, сынға қалды
Еске салайық, бұған дейін Талғарда марқұм Шерзаттың ауылына барған депутат Ардақ Назаров желіде сынға қалды. Көргендер оның өзімен мобилографын ертіп алып, журналистер сұрағын елемегеніне шағымданды. Журналист Гүлбану Әниятқызы өзінің Facebook желісінде Ардақ Назаровтың видеосын жариялады.