Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талғарда белгісіз біреулер ер адамды ұрып-соғып, бетон каналға лақтырып кеткен (видео)

Талғарда белгісіз біреулер ер адамды ұрып-соғып, бетон каналға лақтырып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

Желіде соққыға жығылдым деген ер адамның видеосы тарады. Видеода ер адам Талғар қаласының тұрғыны екенін, өзіне белгісіз біреулердің шабуыл жасап, қатты соққыға жыққанын айтады. Ал болған оқиғадан кейін полиция соққыға жығылған ер адамның үстінен іс қозғаған. 

Оқиға 28 тамыз күні болған. Талғар тұрғыны жаңа мотоциклын сынау үшін БСРка аумағына кірген. Бір кезде құмға батып, тоқтап қалыпты. Осы кезде оның қасына белгісіз екі жас жігіт келіп, не істеп жүргенін сұрай бастаған. Жәбірленуші оларға ескерту жасағаннан кейін екеуі ер адамға шабуыл жасап, басынан ұрған.


Талғарда "Хутор" бандасы туралы айтқан тұрғынды полицейлер ұстап әкетті (видео)


"Олардың біреуі "оны ұйықтату керек", "басынан теп" деп айқайлап тұрды. Біреуі мені тұншықтырды, ал мен ес-түсімді жоғалта бастадым. Олар мені аяғымнан ұстап, бетон каналға лақтырып жіберді", — дейді жәбірленуші.

Жәбірленушінің айтуынша, ауруханада оған бірнеше қабырғасының сынуы, жабық бас-ми жарақаты, басы мен денесінде көптеген жарақаттар бар деген диагноз қойылған. Ер адам полицияға арыз жазып, шабуыл жасағандар анықталыпты. Алайда бірнеше күннен кейін жәбірленуші өзінің үстінен іс қозғалғанын білген.

Алматы облыстық полиция департаменті бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Қазіргі уақытта сараптама тағайындау арқылы барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша оқиғаға құқықтық баға беріледі", – делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осы оқиғадан кейін Талғар қаласының әкімі мен оның орынбасары, Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры лауазымдарынан босатылды. 

Талқылау