Талдықорғанда мұғалімінің ұрысын көтере алмаған оқушының жүрек талмасы ұстап қалды
Талдықорғанда 9 жасар баланың жүрек талмасы ұстап, оны мектептен облыстық балалар ауруханасына алып кеткен. Оқушының жақындары болған жайға сыныптастары мен мұғалімдерді кінәлап отыр. Ал, мектеп басшылығы керісінше ұстаздардың соңына шам алып түскен, баласын шектен тыс еркелеткен ананың өзі айыпты дегеннен таймай отыр. Бұл туралы КТК хабарлады.
Үшінші сыныптағы Дінмұхамед Рахымов мектептің бетке ұстар оқушысы. Сабағы бес, түрлі олимпиадаларда аламанның алдын бермейтін алғыр. Дей тұрғанмен үлгілі деген атына оны «дөрекі сөйледі» деп мұғалімнің директорға шағымданғанынан кейін кір жұққан.
«Жайнагүл апайға кім қарсы шыққан деп сұрады. Апайларың ауырып қалды деп. Балалар ” Димаш,” Димаш” деп айқайлай бастады. Сосын біреулер қайта қайта маған тиісе берді»,-дейді № 9 мектептің оқушысы Дінмұхамед Рахымов.
Мұғалімнің ұрысы, сыныптастарының иықтауы Димашқа ауыр тиген. Есеңгірегеннен туыстарына хабарласып, алып кетсін деуге шамасы жеткен. Екі өкпесін қолына алып жеткен әжесі боп-боз болған немересін танымай қалыпты. Айтуынша, тынысы тарылып, денесі дірілдеп, қалшылдаумен болған.
«Директорға жедел жәрдем шақырт десек тұр қатар-қатарынан. Сосын айттым балаға ауа жіберіңдер, терезені ашындар деп. Су беріңдерші, көріп тұрсыңдар ғой деп жалындым»,-деп шағымданды Дінмұхамедтің әжесі Зейнехан Рахымова.
Дінмұхамедтің анасы Жәния Рахымова, баласына ұстаздардың қырын қарауын өзінің мектептегі бірқатар былықтарды әшкере еткен белсенділігінен көреді. Ал, мектеп басшылығы болса сүттен ақ, судан тазамыз деп ант-су ішіп отыр. Баласын тым еркінсітіп, еркелетіп, әр ісіне араласып жүретін анасының шамадан тыс қамқорлығы оқушыны ауыртты деп отыр. Одан бөлек Жәнияның өзі өзге оқушыларға жөнсіз ұрсады екен.
«Жәния өз баласын қорғайды. Ылғи сөйтіп айтып барған сайын оған ұрсу керек дейді. Ол да дұрыс қой былай қарасаң. Осы жағдайдың бәрі ушығып осындай жағдайға келген»,-деп түсіндірді № 9 мектептің директоры Ләззат Есботанова.
Дінмұхамедтің жүрегі ауырған мектепке қайта оралғысы жоқ. Ал, анасы мектептің үстінен арызын дайындап жатыр. Мектеп те қарап қалмай, қарсы шағымдануға дайын. Текетірестің нүктесін тек соттың шешімі қоятын сыңайлы.
Тағы оқыңыз:
Алматыда бекеттерге бір сәтте көліктің төрт кемшілігін анықтайтын аппарат қойылды
Жүргізушіні куәлігінен айыру үшін соттың шешімі енді керек болмай қалуы мүмкін
Қысым көрсетуді доғарыңдар: Назарбаев Ұлттық банктің кімге бағынатынын еске салды (видео)