Талдықорғанда әуежай қызметкері алапат өрттің алдын алу үшін өз өмірін қиды
Талдықорғанда әуежайындағы өрттің шығу себептері анықталмай жатыр. Ал жойқын жарылыстың алдын алып, өз жанын құрбан еткен Рахат Қаметаевты туыстары ақтық сапарға шығарып салды,-деп жазды КТК арнасы.
Авиациялық қауіпсіздік қызметінің инспекторы, керосин таситын көлікте от тұтанғанда жанармай құятын шүмекті жауып үлгерген. Денесінің 97 пайызын күйік шалған азамат көпке ұзамай ауруханада көз жұмды. Ал оның әріптесі әлі жансақтау бөлімінде ес-түссіз күйде жатыр.
Кеше ғана ақтық сапарға шығарып салған Рахат Қаметаевтың туыстары әлі жақындарынан айырылып қалғанына сене алар емес. Қайғыдан қан жұтқан отбасында бұл өлім марқұмның кенжесі 9 жастағы Бағланға қатты тиген. Ол – бой жетіп қалған қос қыздан кейінгі жалғыз ұл. Ал ересектер балалар әкесінің ерлігін мақтан тұтатындай естелік болса екен дейді.
«Егер барлығы жарылса, бүкіл әуежай кетті ғой. Одан артық қандай батырлық керек?! Ол өзін ойлаған жоқ. Бұрамағанда пәленбай тонна керосин атылар еді»,-дейді марқұм Рахат Қаметаевтың анасы Мағиза Райымжанова.
Рахат Қаметаевтің 38 жастағы әріптесі – Рустам Мұсабеков осымен төртінші күн ес-түссіз жатыр. Өйткені, алған жарақаттары жеңіл емес. Денесінің 87 пайызын, ал тыныс жолдарының 30 пайызы күйіп қалған.
«Қазір жансақтау бөлімінде жатыр, 1975 жылы туылған. Бізде жатқанына 4 күн болды. Қал-жағдайы өте ауыр, бірақ керекті ем алып жатыр. Алматыдан мамандар келді, керек көмекті көрсетті»,-дейді Талдықорған қалалық көпсалалы аурухана бас дәрігерінің орынбасары Қанат Әбдірахманов.
Ал өрт болған жанармай құю бекетінде тек толығымен жанып кеткен техника ғана тұр. Адам өліміне алып әкелген тілсіз жау өткен бейсенбіде тұтанған екен. Екі жігіт болмағанда, өрттің салдары әлдеқайда ауыр болар еді дейді жауаптылар.
«Оларға қашып кетуге де болар еді. Ол кезде өте қиын жағдай болар еді. 600 тоннаға жуық керосин жарылып, өртеніп, арты не боларын бір құдай біледі»,-дейді «Жетісу» әуе компаниясының президенті Қалмұхамет Дөңсебаев
Ал 5 күн өтсе де, сол апаттың себептері әлі анықталмай жатыр. Қазір оқиға орнында көлік прокуратурасы мен еңбек инспекциясының мамандары тексеріс жүргізуде. Оның қорытындысы бойынша, жапа шеккендердің отбасына өтемақы беру мәселесі шешілмек. Қазірше, тек облыс әкімдігі қаза тапқан Рахат Қаметаевтың отбасына 1 млн теңге берген.
Оқи отырыңыз:
Ұлына ерекше әдіспен сүт ішкізген әке желі жұлдызына айналды (видео)
Намаз уақытында көшеде азан шақырған ит жұртты таңғалдырды (видео)
Оразаны ортасынан бастап ұстауға бола ма?
Қарыз болған күнді 60 күн өтеу: Оразадағы кәффарат деген не?