Талдықорғанда оқу жылының басталуына екі апта қалғанда 5 мектеп директоры орнын босатты
Оқу жылының басталуына небәрі екі апта қалғанда Талдықорғандағы бірдей 5 мектептің басшысы ауыспақшы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мамандардың айтуынша, мектеп директорларының өз еркімен жұмыстан шығарылуы бекер емес. Жыл басынан бері Талдықорған қалалық білім бөліміндегі мемлекет қаржысын жымқыру фактілері бұл іске тікелей қатысы бар.
Жаңадан тағайындалдған білім бөлімінің басшысы Жасұлан Қанағатов айтып өткендей, соңғы 3 айда облыс орталығындағы 28 мектептің 9 директоры ауысқан.
"Қазіргі таңда 4 директор тағайындалып, 5 басшының орны бос тұр. Біз өз тарапымыздан облыстық білім басқармасына өтінім берген болатынбыз. Оқу жылының басына дейін мектептерге директорлар тағайындалуы тиіс. Оның өз жұмысы бар. Олар тестілеуден бөлек, сол білім ордасының қамқоршылық кеңесінен келісім алуы қажет", – дейді Жасұлан Қанағатов.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың сәуір айында Жетісу облысының орталығы Талдықорғандағы білім бөлімінің есепшісі шамамен 2 миллирад теңге жымқырған деген айыппен қамауға алынған. Есепшіні ұстау кезінде, ол кісіден 1 миллиард теңге тәркіленген.
Сондай-ақ тұрғылықты жерінен 14 пәтер, 7 коммерциялық нысанның құжаты табылды.