Талдықорғанда Nur Otan ғимаратын қалпына келтірген жұмысшылар жалақы алмағандарын айтып шағымданды
Талдықорғанда Nur Otan партиясының ғимаратын қалпына келтірген құрылысшылар бригадасы жалақыларын ала алмағандарын айтып шағымданды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Nur Otan ғимаратында жөндеу жұмыстарымен айналысқан ер адам әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялады. Айтуынша, 15-16 қаңтарда олардың бригадасын қалпына келтіру жұмыстары үшін жалдаған. Алайда екі айда тек екі рет 40-50 мың теңгеден алдын ала төлем ретінде берген екен. Олар бірнеше рет қалалық және облыстық әкімдікке шағымданған, бірақ нәтиже болмапты.
Алматы облысы әкімдігінде құрылысшылардың шағымын растады. Шенділер мәселені шешу бойынша жұмыс жасалып жатқанын айтты.
"Бұл мәселе бойынша бүгін жиын өткізгенбіз. Жалақыны төлеу сұрағы шешіліп жатыр. Алдағы екі күнде еңбекақы бөлініп төленеді", – деді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Марат Нүсіпбаев.
Ғимараттың жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы мен құрылысшыларға төленуі керек жалақы мөлшері белгісіз.
Ал партия өкілдері құрылыс компаниясының жөндеу жұмыстарын өз қаржысына жүргізіп жатқанын айтты. Олар қаржыландыру көзін тапқанша күте тұруға келіскен.
Журналистер мен блогердің араласуынан кейін жұмысшы барлығына алғыс айтып, 10 наурызда жалақы төленетінін мәлімдеген.
Айта кетейік, бұған дейін қаңтар оқиғалары кезінде зардап шеккен президент резиденциясын сүру туралы шешім қабылданған еді. Кейін президент басқармасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімін түсіндіріп берген.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
