Талдықорғанда көп балалы ана сұлулық әлемінің кәсіби мамандарын даярлауда
Талдықорғандық көп балалы ана Лаура Аманова сұлулық әлемінде он жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. “Бастау Бизнес” жобасы аясында кәсіпкерліктің қыр-сырына қаныққан ол өзінің “Laura Nail Sсhool” атты тырнақ әрлеуді оқыту мектебін ашты. Кәсібін қалай дөңгелетіп отырғанын ол Stan.kz тілшісіне баяндап берді.
Сурет: Жеке архивтен
“Өз салам бойынша түрлі курстарды оқи жүріп, шеберлігімді шыңдадым. Күні бүгінге дейін қаншама сән үйлерінде жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтадым. Әрбір жұмыс орнымның өзіндік кемшілігі мен жетістіктерін қойын дәіптеріме түртіп жүрдім. Мұның барлығын өзімнің жеке кәсібімді бастағанда ескеремін деген ой болды. Осы ойымды декреттік демалыстан кейін жүзеге асырудың орайы келді. Осы сәтте “Бастау Бизнес” жобасы туралы әлеуметтік желі арқылы хабардар болып, көп балалы ана ретінде қатысуға өтініш бердім”, – дейді Лаура Маратқанқызы.
Өз саласы бойынша кәсіби біліктілігін жетілдіріп, нұсқаушы дәрежесін алған Лаура Амановаға тырнақ сәндеу ісінің мамандарын дайындауға жол ашылды.
“Бастау Бизнес” жобасы – менің кәсіби тұрғыдан өсуіме, өрлеуіме зор мүмкіндік берді. Жоба аясында мен бизнесті қалай бастауды ғана емес, одан әрі жүргізудің тетіктерін үйрендім. Салықтың есептерін тапсыру, жеке кәсіпкерлік ашу сынды жұмыстармен жете таныстым. Кәсіби мамандардан кәсіпкерліктің сан түрлі тетігін меңгергеннен кейін, істі жүргізуге құлшына кірістім”, – дейді көп балалы ана.
Жеке кәсіпті жүргізудің жауапкершілігі зор екенін тілге тиек еткен кейіпкеріміз жұмыс барысында бірқатар кедергілердің кезіккенін де жасырмайды.
“Ең бірінші кезекте қолайлы орын табу қиындық туғызды. Сонымен қатар оқыту орталығы болғандықтан қажетті құрал-жабдықтармен толыққанды қамту да оңайға соқпады”, – дейді ол.
Сурет: Жеке архивтен
Кәсіпкер әйел бизнес жоспарында атап көрсеткен алты орындық оқыту орталығын ашу барысында біршама тер төгіпті. Мемлекеттік грант қаржысына тырнақты тазалайтын шаңсорғыш, әрлейтін аппарат, бояуды кептіретін арнайы лампа сынды тиісті құрал-жабдықтарды сатып алған.
“Laura Nail Sсhool” тырнақты әрлеуді оқыту мектебінің оқушылары алдын ала әзірленген базалық курс бойынша дәріс алады. Онда шәкірттерімізге тырнаққа дезинфекция жасау, құрал-жабдықтарды стерильді тазалаудан өткізу, тұтынушылардың терісіне қарай құрал-жабдықтарды дұрыс пайдалануды көрсетеміз. Бұған қоса тырнақты әрлеудің біріктірілген техникасы мен дизайн жасаудың сан алуан түрлеріне баулимыз. Сабақ аясында тұтынушы талғамына сай жоғары сапада қызмет көрсетудің әдіс-тәсілдерін де үйретеміз”, – дейді тырнақ әрлеу ісінің шебері.
“Laura Nail Sсhool” тырнақты әрлеуді оқыту мектебінің оқушылары сабақ барысында теориялық тұрғыдан білім алып, курс аяқталғаннан кейін арнайы тест тапсырып, сынақтан өтеді. Тырнақты әрлеу ісін бүге-шүгесіне дейін меңгерген оқушылар қолдарына сертификат алып, кәсіби маман атанып шығады.
Бүгінде кәсібінен нәсібін тауып жүрген маман иесі өз мамандығы бойынша үнемі ізденіс үстіне жүретіндігін айтады. Сұлулық пен сән әлемі егіз ұғым дер болсақ, бүгінгі заман талабына сай сәннің ағымына ілесу – кәсіпкердің басты ұстанымы көрінеді. Әрбір тұтынушының талғамына сай тырнағын әрлегенде ғана сұлулық салтанат құратынын атап өтті Лаура Маратқанқызы.
Бүгінде Лаура Аманова продюсерлермен жұмыс істеуді де қолға алыпты.
“Бүгінгі заман жан-жақтылықты талап етеді. Сондықтан да біз замана көшіне ілесуге тиіспіз. Менің кәсібімді одан әрі дамыта түсу үшін продюсерлермен жұмыс істеу аса маңызды. Қазіргі таңда түсірілім жұмыстары жүргізілуде. Саланың арнайы мамандары менің курстарымның онлайн және оффлайн сатылу жағын ұйымдастыратын болады. Бұл өз кезегінде осы саланың кәсіби мамандарының қатарының молаюына жол ашпақ”, – дейді ол.
Сурет: Жеке архивтен
“Бастау Бизнес” өмірден өз орнын таппай жүрген талай жанның жаңа кәсіп бастауына жол ашты. Әсіресе, баласын өсіріп, жетілдіруге көп күш қажет екенін ескеріп, көп балалы аналарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп келе жатқаны көңіл қуантады. Осы тұста отбасының шаруасымен қоса кәсібін де дөңгелетіп жүрген аналардың еңбекқорлығы қайран қалдырады.
“Өзін ғана емес, қаншама адамды жұмыспен қамтып, қоғамда жұмыссыздықтың азаюына септігін тигізіп отырған аналардың ісі қашан да мақтауға тұрарлық деп есептеймін”, – дейді бес баланың анасы Лаура Аманова.
Сондай-ақ, “Бастау Бизнес” жобасына қатысуға ниетті жандарға “Laura Nail Sсhool” мектебінің неігізін қалаушы Лаура Маратқанқызы өз кеңесін айтып кетті.
“Қазақта “тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің” деген әдемі бір сөз бар ғой. Сол айтпақшы, жобаға қатысқысы келетін жандар болса, еш қорықпастан бақтарыңызды сынап көрсеңіздер болады. Ең бастысы – мақсатыңыз айқын, жоспарыңыз анық болса, табысқа кенелудің ауылы алыс емес”, – дейді ол.
“Бастау бизнес” жайлы
"Бастау бизнес" жобасы азаматтарға жеке ісін бастауда көмек көрсетіп, жоспарды іске асыруда 12 айға дейін қолдау білдіреді. Білім алған азаматтар 3 жылға жарамды арнайы сертификатпен марапатталады. Оқудың жалпы ұзақтығы 25 күнтізбелік күннен аспайды. Үміткердің өтінімі 10 күн ішінде қаралады.
Ал грантқа жұмыссыздармен қатар жеке кәсіпкерлер де үміткер бола алады. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықпен шұғылданған тұлғалар да грантқа үміткер атанады. Грант мөлшері 400 АЕК-ке тең.
“Бастау бизнес” ұсынған грант үміткері атану үшін төменгі санаттардан болуы міндетті:
- Жастар (29 жасқа дейін);
- Аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- Көпбалалы отбасылар - көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар;
- Қандастар, қоныс аударғандар;
- Мүгедектігі бар адамдар;
- Мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үшін.
Грант қаражатын тек “Бастау Бизнес” аясында әзірленген бизнес жоспарды іске асыруда ғана қолдануға болады. Сонымен қатар үміткердің жұмыспен қамту бойынша өзге қолдау шараларына қатыспау керегін ескерген жөн.
2022 жылы "Бастау бизнес" жобасы онлайн форматта өтеді. Жобаға өтініш қабылдау 1 сәуірде басталады деп жоспарланып отыр және 10 күнге жалғасады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң аудандық және қалалық комиссия қарауына өтеді. Бұдан кейін үміткер өз жобасын комиссия алдында қорғайды. Өтінішті Business.Enbek порталы арқылы бере аласыз.
Дайындаған: Гүлмира Садық