"Талдыкөл кек алып жатыр": Астанада жаяу жүргіншілер жолағы опырылып, қыз бала ішіне түсіп кетті
Фото: instagram.com/astanovka98
26 мамырда Астананың Есіл ауданындағы "Қобыз сарайы" маңында жаяу жүргіншілер жолы опырылып, ішіне бір қыз құлап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Astanovka 98 парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Астанада бір қыз шұңқырға түсіп кетті. Ол "Қобыз сарайы" маңындағы жаяу жүргіншілер жолағымен кетіп бара жатқанда тас төсеуіш опырылып кеткен. Куәгерлер шұңқырдың тереңдігі бір метрге жуық екенін, шұңқыр түбінен су көрінгенін айтады", – делінген жазбада.
Жедел жәрдем бригадасы қызға оқиға орнында медициналық көмек көрсеткен.
Желі қолданушылары жазба астына түрлі пікір білдіріпті.
"Сол жағалау батпақ үстінде тұр", "Өйткені бәрі қалай болса, солай жасалады", "Жер асты сулары, Талдыкөл кек алып жатыр, ол барлық жерден шығып жатыр", "Көлдің бетін топырақпен жапқанмен, ол бәрібір тесіп шығатын жер табады", – деп жазған желі қолданушылары.
Кейін "Астана су арнасы" компаниясы өкілдері болған жайттың мән-жайын түсіндірді.
Оқиға диаметрі бір метрлік кәріз коллекторының жанындағы тротуар тақталарының опырылуы салдарынан болған. Оқиға орнына бірден коммуналдық қызмет бригадасы жетіп, аумақты ашып, тексеру жұмыстарын бастап кеткен.
"Оқиғаның себептері жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша анықталады. Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және түсіністік танытқан қала тұрғындарына алғыс білдіреміз", – дейді компания өкілдері.
Шұңқырда судың қалай пайда болғаны әлі белгісіз. Оқиға орнынан түсірілген фотосуреттерге қарағанда, апатқа кәріз құбырындағы ақау немесе жер асты суының тротуар табанын шайып кетуі себеп болуы мүмкін.