Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желіде қазақстандық әйел кафе, дәмханалардың жұмыс істеуге келген клиенттерді қуатынын айтып шағымданды

кафе дәмханалар жұмыс істеуге келетіндерді 1,5 сағаттан кейін шығарадыФото: Желі кадрларынан скрин

Желіде қазақстандық әйел кафенің 1,5 сағаттан кейін клиентті қуатынын жеткізіп шағымданды. Айтуынша, олар тапсырыс беріп жұмыс істеп отырған адамға 1,5 сағаттан соң, орнын сақтауы үшін қайта тапсырыс беруі керек екенін ескертеді екен. Ал егер тапсырыс жасамаса орнын босатуды өтінген. Мұны көпшілік қызу талқылап, пікірлер екіге бөлнуде. Кафе, дәмханаларда отырып ұзақ жұмыс істеу қаншалықты орынды? Ұзақ отырған клиентті қуу заңды ма? Stan.kz тілшісі заңгерден сұрап көрді. 

TikTok қолданушысы желіде басынан өткен оқиғасының видеосын жариялады. Кадрларда даяршының тұтынушыға келіп, қайта тапсырыс жасауы керек екенін айтып жатқаны көрсетілген.

“Мен 5990 теңгеге тапсырыс бердім. Дәл 1,5 сағат өткен соң, маған бір жігіт келіп, тура мағынада мені қуып жатыр. Бір үстелде тапсырыс бергеннен кейін 1,5 сағат қана отыруға болады екен. Ал бұдан ұзақ отыруым үшін тағы бірдеңеге тапсырыс беруім керек. Мына сома менің 1,5 сағат отырғаным үшін төлеп отырған ақшам. Ал мен жұмыс істеу үшін келген едім”, – деді ол. 

Желі қолданушылардың пікірі екіге бөлінді. Кейбірі:

“Бұл мүлде дұрыс емес. Егер адам келіп, ештеңе тапсырыс бермей жай отырса, онда шығарып жіберуге болады. Ал егер ол тіпті жай кофе алса да оны қуып шығара алмайсыз. Бұған ешкімнің құқығы жоқ”, “Әрине, егер үстел жетпесе түсінуге болады. Бірақ адам жоқ болса несіне қуады?”, “Неге тұтынушы мейрамхананың кірісіне алаңдауы керек”, – деп жазды.

Ал енді кейбірі керісінше кафеде ұзақ отырып, өзгелерге орын қалдырмайтындарды сынады. 

“Меніңше, бұл дұрыс. Адамдар тамақтанатын жерді  біреулерге жұмыс істейтін тегін орын үшін емес, табыс табу үшін ашты”, “Бұл тамақтанатын жер, каворкинг орталық емес”, “Шынымен осындайларға шектеу қойғанды құптаймын. Себебі дәмханаларға кірсең орын жоқ. Ал сол орында бір кофе алып алған адам сағаттап жұмыс істеп отырады”, – деп бөлісті екінші тарап. 



“Бұл кәсіп. Олардың да өз құқығы бар...”

Заңгер Нұрсұлтан Орынбектің айтуынша, кафе-мейрамханаларда клиенттердің қанша уақыт отыруына шектеу жоқ. Егер клиент мейрамхананың тамақ, сусынын тұтынып, қоғамдық тәртіпті бұзбаса, онда қалағанынша отыра алады. 

“Дегенмен отыру уақытын шектеу ішкі ережелерге де байланысты болуы мүмкін. Мәселен, кей жерлерде брондау кезінде: “2 сағатқа дейін отыра аласыз. Бұл қызмет көрсету шартына жатады” деп алдын ала ескертілуі мүмкін. Бізде азаматтық кодексте 380-бапта шарт жасасу еркіндігі бар. Заңды тұлғалар мен жеке тұлғалар, ережені өрескел бұзбайтындай жеке шарттарды өзара жасасуға құқылы. Яғни өзара келісе алады. Егер клиент ештеңе тапсырыс бермей, жай ғана орын алса немесе жұмыс істеп мекеме ережесін бұзса, ол кезде әкімшілік сыпайы түрде сұрай алады. Бірақ күшпен шығару заңсыз әрекет. 

Ал егер клиентке ешқандай ереже, уақыт шектеуі туралы ескертілмесе, ол тәртіп бұзбай өз-өзімен отырғанда қуса, онда құқығы бұзылады. Мұндай жағдайда клиент тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңға сүйене отырып, тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне немесе сотқа шағымдана алады”, – деді маман. 

Заңгер дегенмен кәсіпкерлерді де түсінуге болатынын алға тартты. Айтуынша, адамдардың кафелерде ұзақ отырып, өзгелерге орын босатпауы этикалық тұрғыда да дұрыс әрекетке жатпайды.

“Жалпы айтқан мейрамхана ішкі ережелерін клиентке алдын ала ескертсе, кейін клиентке үстелді босатуды заңды түрде талап ете алады. Бұл кәсіп. Олардың да өз құқығы бар. Бұл жерде тек клиенттікі дұрыс деп айта алмаймыз. Бір шәй алып, ұзақ уақыт отыру дұрыс емес. Бизнестің де көзқарасын түсінуіміз керек. Себебі бұл олардың тауып отырған нандары. 
Жұмыс істейтіндер арнайы кеңсе жалдағаны дұрыс. Одан бөлек, өзге де түрлі коворкинг орталықтар бар. Көбіне офис жалдау шығыны көбірек болғасын осындай әрекетке барады. Қарасақ, этикалық тұрғыда да дұрыс әрекетке жатпайды. Ал клиентке ауыр сөздер айтып, қорлап, күштеп шығарса онда бұл екіннші тараптың кінәсі болады”, – деп қорытты Нұрсұлтан Орынбек. 
@zholbike.khamit

 

♬ оригинальный звук - zholbike.khamit
STAN.KZ
Дүйсенбі, 22 Қыркүйек, 2025 16:36
Талқылау