"Тағы бір ота қажет": Семейде шырша безендіремін деп құлап кеткен мұғалімнің жағдайы белгілі болды
Семейде бас шыршаны безендіру кезінде зардап шеккен мұғалімге қатысты тың деректер айтылды. Дәрігер мектеп мұғалімінің қазіргі жағдайын баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: semeyainasy.media
Ресми мәлімет бойынша, мұғалім ауруханаға түскен бойда, оған шұғыл ота жасалған.
“Бас сүйегіндегі ақауын түзету үшін болашақта оған қосымша ота қажет болады. Қазір жәбірленуші жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды”, – деді дәрігер.
Нейрохирург Рашид Ишмұхаметовтың айтуынша, науқас медициналық мекемеге жарақат алғаннан кейін бір сағат өткен соң түскен.
“Жағдайы өмірге қауіпті болды. Кезекші дәрігер тез арада компьютерлік томография жасап, нәтижесін алды. Науқастың жағдайын талқылап болған соң мамандар шұғыл ота жасау қажет, деп шешті. Науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарды. Қазір ол жалпы палатада жатыр. Науқас ауруханаға бас-ми жарақатымен және бассүйек ішіне қан құйылу жағдайымен түсті. Субдуральды гематома сияқты нәрсе бар. Алған жарақаты салдарынан тамыры жарылып, бассүйек қуысында қан жиналған. Мәселе, гематома үлкен мөлшерге жетіп, өмірге қауіп төндірмей тұрып, ота жасап үлгеру керек", – дейді нейрохирург.
Дәрігердің айтуынша, ота кезінде жарақат алған мұғалімді аман алып қалу үшін бас сүйегінің гематома шыққан жері алынды. Бас сүйегінің ақауын түзету үшін 2-3 айдан кейін тағы бір ота қажет болады, дейді дәрігер.
"Бұл қазірдің өзінде жоспарланған процедура. Науқасқа мұны жасаған жөн, өйткені бас сүйегінің бір бөлігінің болмауы кездейсоқ жарақат алу қаупін тудырады. Қалпына келтіру 1,5-2 айға созылады. Ер адамның басында жара бар, тігістерді алып тастау керек. Ауруханадан қашан шығатыны белгісіз. Ер адам жас, сауығып кету мүмкіндігі жоғары", – дейді нейрохирург.
Ал мұғалімнің әйелі аталған жағдайдың мән-жайын түсіндіріп, “ұстаздар Семейдің бас шыршасын безендіруге өз еркімен барды” деген ақпарат тарағанын жеткізді.
"Неге бардың деп сұрадым... Ол шыршаға аяғымен өрмелеп шыққан. "Мұғалімдер өз еркімен кетті" дейді. Бұл өтірік. Оларға: "Бар" деді, ол да барды. Жолдасым онда өз еркімен барған жоқ. Директор айтты, барды. Оларға жоғарыдан бұйрық түскен", – дейді мұғалімнің әйелі.
Айта кетейік, 22 желтоқсанда Семейде шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктіктен құлап зардап шеккен еді. Ол Nº49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев болып шықты. Қазір мұғалім жансақтау бөлімінде. Осы оқиғадан кейін Семейде білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылған. Ал тәртіптік жауапкершілікке мектеп директорлары тартылған.