"Тағам өндіретін компания атанып, Орталық Азия мен Қытай нарығына шыққымыз келеді": AITAS холдингі инвесторларынан акцияларын кері сатып алды
AITAS холдингі "Baiterek VENTURE FUND" АҚ және AOM Rail B.V. миноритарлық акционерлерінен "BV Management" ЖШС Бас серіктесі ("Qazaqstan Investment Corporation" АҚ еншілес ұйымдары ("Бәйтерек "ҰБХ" АҚ ЕҰ) атынан акцияларды кері сатып алды. Осылай, холдинг инвесторларға кірісін беріп, 5 жылға созылған серіктестігін аяқтады. Бұл қадам холдингтің қаржылай жағдайын тұрақты етуге бағытталған маңызды қадам болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: AITAS
AITAS холдингі бұл компаниялармен 2019 жылы серіктес атанған. Бес жылдан кейін, биыл холдинг 14,34% акциясын 18,9 миллиард теңгеге сатып алды. AITAS холдингінің негізін қалаған Серік Толықпаевтың айтуынша, дәл осы "BAITEREK VENTURE FUND" акционерлік қорының, M Rail B.V. компанияларының қаржылай қолдауының және "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ, "Қазақстан Халық Банкі" АҚ және "ForteBank" АҚ сияқты қолайлы шарттармен қарыз капиталын тартуға мүмкіндік берген жобалардағы серіктестердің арқасында AITAS холдингі кәсібін дөңгелетіп, бес жылда қызметінің нәтижесін бес есе арттырған.
“Бес жыл бұрын біз инвестор іздегенде түрлі күрделі кезеңнен өттік. Кейбір халықаралық инвесторлармен келіссөз жүргізу қиынға соқты. Сол уақытта дәл осы компаниялар кәсібилік танытып, тез шешім қабылдап, келісімшарт жасауға мүмкіндік берді. Сөйтіп, нәтижесінде, жалпы 320 милллион доллар инвестиция тартылды. Бұл Қазақстандағы агро сектордың дамуына ықпал етті”, – дейді кәсіпкер, инвестор әрі AITAS холдингінің негізін қалаған Серік Толықпаев.
Серік Толықпаев. Фото: AITAS
Оған қоса холдинг құс етін бұрын жылына 30 мың тонна, ал қазір 150 мың тоннаға дейін өндіретін болған. Оған қоса инкубатор арқылы шығарылатын жұмыртқа саны 15 миллион данадан 85 миллион данаға дейін өскен.
Сонымен қатар AITAS холдингі 2018 жылы Қазақстандағы және Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасы "Макинск құс фабрикасын" басқарып, онда 90 мың тоннаға дейін құс етін өндірген. Оған қоса “Өскемен құс фабрикасын” жаңартып әрі кеңейтіп, өндірісін 30 мың тоннадан 60 мың тоннаға дейін ұлғайтты.
Сонымен бірге AITAS холдингі Алматы облысындағы ірі құс өсіру мен репродукциялау шаруашылығымен айналысатын "Nauryz Agro LTD" компаниясын сатып алып, оның жұмысын арттырды. Қазіргі уақытта компания жылына 85 миллион дана инкубаторлық жұмыртқа шығарады. Сөйтіп, былтыр AITAS холдингі елдегі құс еті өндірісінің жалпы үлесінен 26%-ын, жергілікті өңірдегі өндірістің 39%-ын қамтыған.
“BV Management” бас директоры Айзада Телжанованың сөзінше, олар инвестиция құймай тұрып, AITAS холдингінің қызметін жіті тексерген. Дегенмен нәтижесінде серіктес атану дұрыс әрі табыс шешім болғанын айтады.
“AITAS холдингін таңдауымызға бірнеше себеп бар. Біріншіден, олардың бізбен серіктес атанбай тұрып, атқарған жобаларын, қызметін байқадық. Екіншіден, бұл компания құжат, жоба, мақсат – барлық жағынан дайын болып келді. Соның арқасында бізге олармен жұмыс істеу жеңіл болды. Үшіншіден, компания қызметін ашық жүргізді. Директорлар кеңесінде біздің қордың өкілдері болды. Оған қоса, компания туындаған мәселелерін жасырмай, ашық айтып, оны тез арада шешіп отырды. Осы серіктестігімізден көп тәжірибе жинадық”, – дейді Айзада Телжанова.
“Qazaqstan Investment Corporation" АҚ Басқарма төрағасы Ерболат Жолаттың сөзінше, QIC компаниясы AITAS холдингімен серіктестігінің арқасында Қазақстандағы агро секторға дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көп үлес қоса алды.
"QIC негізгі міндеттерінің бірі – тікелей инвестициялар құралы арқылы ел экономикасының шикізаттық емес секторларын дамыту. QIC-пен ынтымақтасатын жобалық компаниялар тек қаржыландыруды ғана емес, сонымен қатар сараптаманы, тәуекелдерді бағалауды және тәжірибелі қызметкерлерді тарту мүмкіндігін алады. Бұл кейс QIC-тің өз бизнесін дамытуға, жұмыс орындарын құруға және ел экономикасының дамуына үлес қосуға дайын бизнес капитандарымен одан әрі табысты ынтымақтастығы үшін тамаша үлгі болатынына сенімдімін", - деді “Qazaqstan Investment Corporation" АҚ Басқарма төрағасы Ерболат Жолат.
Фото: AITAS
Болашақта AITAS холдингі өнім түрлерін көбейтіп, жартылай фабрикаттар мен дайын өнімдер әзірлеп, өзін тағам өндірісі саласындағы компания етіп танытуды жоспарлап отыр. Олар осылай, елдегі халық сұранысын қанағаттандыруды және сапалы азық-түлік өнімін ұсынуды көздейді. Оған қоса, холдинг тек Қазақстан емес, Орта Азия елдерінің және Қытай нарығына шыққысы келетінін айтты.