"Табыс табудың басқа да жолдары барын түсіндім": Stan.kz журналистері инвестиция арқылы қаржысы қаншалықты өскенін айтып берді
Қор нарығы арқылы пассивті табыс тауып, қаржылай мақсаттарына қол жеткізуді көздеген Stan.kz тілшілері үш айда инвестициялық портфельдерінің қалай өзгергенін айтып берді. Олар шілде айында Freedom Broker ұсынған "Болашаққа инвестиция" жобасы арқылы алғашқы акцияларын сатып алған еді. Осы аралықта бұған дейін оқып-түйгенін практика жүзінде қолданып, алған әсерін бөлісті.
Фото: Stan.kz
Қаржы әлеміне, соның ішінде қор нарығына аяқ басқан журналистер аз уақытта бағалы қағаздармен жұмыс істеуді үйрене түскенін айтады. Олар елдегі ең ірі брокер – Freedom Broker тәлімгерлерінің жол сілтеуімен алғашқы инвестициялық портфелін құрған еді. Сөздерінше, оқу барысында алған білімнің арқасында қауіп-қатерді алдын ала болжап, техникалық сараптама негізінде салған қаржысын көбейте алған.
Stan.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Назерке Мұса портфеліне қазақстандық компаниялардың акциясын қосқан. Соның ішінде "ҚазМұнайГаз", "КЕГОК", "ҚазТрансОйл" сынды алпауыттар бар.
"Мен АҚШ нарығына назар аударған жоқпын, себебі ол қазір тұрақсыз көрінді. Қазақстан экономикасы жақсы көрсеткіштер көрсетіп келеді және осы нарықтан инвестиция үшін жақсы мүмкіндіктер көремін. Акциялар таңдағанда өсім әлеуеті мен қаржы көрсеткіштеріне назар аудардым. Мысалы, KEGOC (KEGC.KZ) компаниясы алты айда 38% өскен, оның нәтижесінде кіріс көлемі 158,37 млрд теңгеге жеткен. Таза пайда 53% өсіп, 35,17 млрд теңгеге жетті. Бұл компанияның өсім әлеуеті 62,04% болды. “ҚазТрансОйл” (KZTO.KZ) акциялары да менің назарымды аударды. Компанияның өсімі 10, ал акциялардың әлеуетті өсімі 13,65%-ға жеткен. Акциясын сатып алған тағы бір компания "ҚазМұнайГаз" (KMGZ.KZ), ол 8% өсім көрсетті, ал таза пайда 7% артып, 557,99 миллиард теңгеге жетті. Портфельдің жалпы өсімі 0,56% немесе 1,05 доллар. Бұл үш айдағы көрсеткіш, яғни өте қысқа мерзім. Ал қор нарығында уақыт үлкен мәнге ие. Осы аралықта қаржы сақталып, шағын өсім де бар. Оның үстіне алдағы уақытта "ҚазМұнайГаз" акцияларынан дивиденд аламын. Үш айда 5%-дық өсім – жақсы нәтиже. Менің болжамыма сәйкес жылдық мәнде табыс 21% болуы қажет", – деді Назерке Мұса.
Агенттіктің бас редакторы курсты аяқтағаннан кейін қор нарығына деген қызығушылығы айтарлықтай артқанын жеткізді. Қаржы құралдарының қалай жұмыс істейтінін және олар қандай мүмкіндіктер ұсына алатынын түсіндім деген ол акцияларға тек экрандағы цифрлар ретінде қарамай, оларды капиталды көбейтуге арналған мүмкіндік ретінде көреді екен.
"Алдағы уақытта да ұзақмерзімді инвестициялауға жүгінемін. Себебі мен үшін бұл – қосымша табыс әрі көп уақыт алмайтын нұсқа. Әрине, мен бастапқыда жоспарлағанымнан көбірек қаражат инвестициялаймын деп шешім қабылдадым. Қазақстандық компаниялардың акцияларын зерттеп, талдағаннан кейін, бұл инвестициялар үлкен өсу әлеуетіне ие екенін ұқтым. Инвестиция табыс табудың жолы ғана емес, сонымен қатар қаржылық жоспардың маңызды бөлігі екенін түсіндім", – деп ойын аяқтады Назерке.
Фото: Stan.kz
Stan.kz тілшісі Салима Бағашар "Болашаққа инвестиция" жобасына қатысу маңызды қадамдардың бірі болғанын айтты.
"Бұған дейін қор нарығы мен үшін қиын әрі алынбас асудай көрінетін. Бірақ жоба маған көп нәрсені үйретіп қана қоймай, қорқынышымды жеңуге көмектесті. Қаржы құралдарының қалай жұмыс істейтінін түсіндім. Инвестиция сәттілікке сенетін ойын емес, стратегияға негізделген ауқымды процесс екенін ұқтым. Ең бастысы, мен табыс табудың басқа да жолдары барын түсіндім. Инвестиция ұзақмерзімді мақсатқа жетудің берік іргетасы бола алады екен. Бұл мені осы бағытта әрі қарай дамуға жігерлендіреді. Оның үстіне инвестиция менің стратегиям ғана емес, өмірдің бір бөлігіне айналғандай", – деді журналист.
Салима Бағашар әрі қарай да инвестиция жасауды жалғастыра бермек. Бұл үшін нарықты тереңірек зерттеп, алға қадам жасаймын дейді. Қазір портфелінде “ҚазМұнайГаз” компаниясының акциялары бар екен. Портфельдің жалпы өсімі 4,56%, яғни 8,76 доллар болған. Сәйкесінше Салиманың портфелі банк депозитіндегі сыйақыдан да (4,56/3=1,52%, ал депозит сыйақысы айына 1,16%) жоғары екенін байқауға болады. Сондай-ақ ҚазМұнайГаз компаниясына өз акционерлеріне дивиденд те төлейді.
“ҚазМұнайГаз” қаржыны сақтау мен еселеуге келгенде сенімді болғандықтан, акцияларын сатып алдым. Ол қазір елдегі мұнай-газ саласында көшбасшыға айналған. Оның үстіне табысы тұрақты әрі төлемдері де әділ жүргізіледі екен. Әрі акциялар қауіп-қатерді азайтуға көмектеседі. Бұл саланың болашағы бар екенін ескере отырып, “ҚазМұнайГазға” ақша салу дұрыс әрі тиімді шешім деп ойлаймын. Алайда нарық кез келген уақытта өзгеріп кете салуы мүмкін. Сондықтан болжам көп жағдайда орындалмай, салымды жоғалту қаупі барын ескеру қажет”, – дейді Салима Бағашар.
Тілшіміз Назархан Уән де қор нарығына инвестиция жасауды жалғастырмақ. Бағалы қағаздармен жұмыс істеген үш айда оның портфеліндегі акциялар 0,56%-ға (1 доллар) арзандаған екен. Дегенмен қазақсандық компаниялар ұзақмерзімді инвестицияда жақсы пайда әкеледі, дейді ол.
Фото: Stan.kz
"Бастапқыда айтқанымдай, мен портфеліме тек қазақстандық компанияларды іріктеп алған едім. Алдыңғы айларда үлкен өсім көрсеткенімен, кей компаниялардың акциясы арзандап кетті. Бірақ мұның барлығы – қысқамерзімді көрсеткіш. Отандық компаниялардың акциясын неғұрлым ұзағырақ ұстасаң, табысы да соншалықты артады. Сондықтан алда әлі де пайда әкелуі керек. Оның үстіне бағалы қағаздар құны күн санап, тіпті сағат санап өзгереді. Ұзақмерзімді стратегияны таңдағандықтан, портфелімді кеңейте түскім келеді. Жоба аясында техникалық сараптаманың қаншалықты маңызды екенін ұғындым. Қазір портфельде “БанкЦентрКредит”, “ҚазМұнайГаз”, “ҚазТрансОйл” мен “ҚазақТелеком” сынды үлкен компаниялардың акциялары бар. Бұл компанияларды таңдауыма олардың табысы, акцияларының кейінгі жылдардағы өсімі себеп болды. Бірақ нарықтағы өзгерістерді ешкім болжай алмайды, сондықтан акциялардың арзандап кету қатері бар", – дейді Назархан.
Назархан Уән жоба барысында қаржы әлеміндегі жаңалықтарды оқу қаншалықты маңызды екенін ұққан екен. Себебі бағалы қағаздар нарығында бағаның түзілуіне кез келген жағымды не жағымсыз жаңалық әсер етеді дейді.
"Акция сатып алғаннан кейінгі үш ай менің қаржы сауатымның артуына үлкен септігін тигізді. Өйткені елдегі ірі компаниялар туралы жаңалықтарды, сараптамалық материалдарды қалт жібермеуге тырыстым. Әрине, сараптамаларды оқу үшін де арнайы білім қажет. Кейде терминдерді түсінбей қалатын кездер болады. Қолыңдағы сараптамада не жазылғанын толыққанды түсіну үшін ізденіп, терминдерді түсінуге тырысасың. Сөзсіз, инвестиция жасауды әрі қарай жалғастырамын. Алайда жиған-тергеніңді бір сандықта сақтауға болмайды. Сондықтан шетелдік компаниялар мен индекстік қорларға да инвестиция жасағым келеді. Бұл қауіп-қатерді төмендетуге сеп болары анық", – деді ол.
Жобаның келесі қатысушысы Алексей Мутасов қор нарығына инвестиция жасауды жалғастыратынын айтады.
Фото: Stan.kz
“Мен бастапқыда сатып алған акцияларымның бір бөлігін сатып, басқа акциялар алдым. Freedom Holding Corp. акциясын аларда маманның кеңесіне жүгіндім. Енді әрі қарай да инвестиция жасауды жалғастырамын. Қазірдің өзінде портфельдің өсімі 22,76%-ға жетіп, 54 доллар пайда әкелді. “Болашаққа инвестиция” жобасынан алған білімім бұл жолда маған үлкен көмегін тигізді. Инвестицияның бір бөлігін бағалы қағаздарда қалдырамын, бұл тұрақты өсімді қалыптастырады деп ойлаймын”, – деді Алексей.
Жобаға қатысқан журналистердің портфелімен Freedom Finance Global сарапшысы Данияр Оразбаев танысып көрді. Сондай-ақ таңдалған акцияларға қатысты болжамдарын бөлісіп, ақыл-кеңесін айтты.
Данияр Оразбаев
“Мәселен, “ҚазМұнайГаз” акциялары болжамға сай, 27% өсіп, құны 17500 теңгеге жетеді. Сондықтан мүмкіндік болса, акцияны тағы сатып алу керек деп кеңес беремін. Жақында SРО арқылы акциялары қайта қор нарығына шыққан “КЕГОК” компаниясының акциясы да 4% қымбаттап, 1590 теңгеге жетеді. Акцияны ұстау керек. Ал “ҚазТрансОйл” акциясының құны 1130 теңгеге дейін жетіп, өсім 37% болады деп күтеді. “ҚазақТелеком” компаниясының акциясы 36% өседі деп болжанды. Мақсатты құны – 53 200 теңге. Сондықтан акцияны сатып алуға кеңес береміз. “Банк ЦентрКредит” акциясы алдағы уақытта 4% арзандауы мүмкін. Сондықтан акцияны портфельде ұстаған жөн. Алайда нарықтағы өзгерісті ешкім болжай алмайды, осы себепті акциялар арзандап кетуі ықтимал”, – деді сарапшы.
Данияр Оразбаев акциялардың бағасына түрлі фактор әсер ететінін айтады. Кей компаниялардың акциясы белгілі уақыт аралығында үлкен өсім көрсеткен. Дегенмен кейбірінде мүлде өзгеріс болмаған.
“Мысалы, 2012 жылы ІРО өткен соң “ҚазТранОйл” акциясының бағасы айтарлықтай өспеді, бірақ жыл сайын дивиденд арқылы тұрақты пайда әкеліп отырды. Ал “ҚазМұнайГаздың” саудаланып жатқанына көп болған жоқ, сондықтан ұзақ мерзімдегі табыстылығына болжам жасау қиын. Сонымен қатар доллар бағамы да акция бағасына әсер етеді. Егер компанияның акциясы теңгемен саудаланса, долларға шаққандағы өсімі көп болмауы мүмкін”, – деп қосты сарапшы.
Сөз соңында маман жоба қатысушыларына портфельге қатысты бірнеше кеңес берді.
“Қатысушылар инвестициялық портфельді толықтыру кезінде саладағы қауіп-қатер мен инвестициялау мерзіміне мән беруі керек. Егер нарықтағы қатерден қорықпасаңыз, акцияның көп бөлігін капитализациясы төмен компанияларда ұстау керек. Егер қатерге барғыңыз келмесе, тұрақты дивиденд тарихы бар ірі компаниялардың акциясын алған жөн”, – деп аяқтады сарапшы сөзін.
Айта кетері, журналистердің ұсынылған акцияларға немесе басқа да қаржы жаңалықтарына қызығушылығы жоқ.
Бұл материал тек ақпараттық сипатқа ие және кез келген қаржы құралдарын сатып алуға немесе сатуға инвестициялық ұсыныс, кеңес немесе ынталандыру болып табылмайды. Барлық инвестициялық шешімдерді әр адам өзі қабылдайды қабылдайды және инвестор өз әрекеттері үшін толық жауапты. Қосымша ақпарат алу үшін қаржылық кеңесшіңізге хабарласыңыз.
Freedom Finance Global PLC (ASA-a-LA-2020-0019 лицензиясы, АХҚО шеңберінде AFSA берген, www.ffin.global). Бағалы қағаздарға инвестициялау әрқашан капиталды жоғалту қаупін тудырады. Тәуекелдер туралы толық ақпаратты Freedom Finance Global PLC бағалы қағаздар нарығында брокерлік (агенттік) қызметтер көрсету регламентінің 4-қосымшасынан таба аласыз, қосымша компания сайтында көрсетілген. Өткен нәтижелер болашақ табыстарға кепілдік бермейді.