"Табамен ұрып, басымды тікті": Алматыда 13 жастағы бала бүтін шағын ауданды үрейде ұстап отыр
Фото: Видеодан скрин
Алматыда 13 жастағы бала көршілердің балаларын ұрып-соғып, ересектерге қоқан-лоқы көрсетіп, өз бауырларын бұзақылық жасауға үгіттейді. Жасөспірімді жөнге келтіруге апасының да шамасы жетпейді. Жеткіншек апасын да “өлтіремін” деп қорқытады екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жетінші арнаның” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
13 жастағы Саша Алматыдағы көппәтерлі жатақханада апасымен бірге тұрады. Апасының айтуынша, ол терезелерді шағып, көршілердің техникаларын бүлдіріп, тіпті олардың балалары мен апасын ұрып-соғады.
“Бала бетімен кеткен. Біреуге тас ату оған түк емес. Міне, қыздарға баллоннан газ бүркіп жүр. Ойлап көріңізші. Бұл – тәртіпке келмейтін бала. Жасы небәрі 13-те”, – дейді тұрғындардың бірі Лилия Назмиева.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар бірнеше рет полицияға және қорғаншылық органына хабарласқан. Алайда олар ешқандай шара қолданбапты.
13 жастағы жасөспірім құқық бұзушылықтың түр-түрін жасап үлгерген. Мектепке бармайды, күндіз-түні көшеде жүреді. Ол және оның тағы үш бауыр-қарындасы әжесі Оксана Мирошникованың қолында, 18 шаршы метр жерде тұрады. Бес адамға — небәрі 18 шаршы метр.
“Ең қорқыныштысы баспана емес. Ол анасының айтуымен мені жиі ұрып-соғады. Ауыр жарақаттар алдым. Ал кіші бауырлары қорыққанынан оның айтқанын бұлжытпай орындайды. Ол менің көзімше тас алып, терезені шағады. Мен оған ештеңе істей алмаймын. Өйткені ол екінші таспен менің басымды жарады. Табамен ұрды, басымды тікті, жылытқышпен де, ноутбукпен де бәрін шағып тастады. Бүгін ол мені өлтіріп тастауы мүмкін. Үйге қалай барарымды білмеймін”, – дейді Сашаның апасы Оксана Мирошникова.
Анықталғандай, Оксананың 32 жастағы қызы ұлын өз анасын ұруға итермелейтін болып шықты.
“Ұра бер, балам! Саған ештеңе болмайды, әлі 13 жастасың" деп айтады. Ал ол шынымен де анасын ұрады. Біз полиция мен жарақат пунктіне бірнеше рет жүгіндік, басына тігіс салдырған кездері болды”, – дейді тұрғындардың бірі.
Оксананың қызы Элина – бес баланың анасы. Көршілердің айтуынша, балаларының әкелері бөлек. Үлкені – 17 жаста, бөлек тұрады. Ал кіші төртеуі әжесінің қамқорлығында. Ал Оксананың сөзінше, оның балаларды асырайтындай еш мүмкіндігі жоқ.
Қамқоршылық органдары бұл отбасының жағдайынан хабардар. Ақпарат сотқа берілген. Қазір жас ананың ата-аналық құқығын шектеу мәселесі қаралып жатыр. Сот шешімінен кейін 13 жастағы Саша мен 10 жастағы қарындасы Ульянаны арнайы орталыққа жіберуі мүмкін. Бұл – балалардың анасының қалауы. Ал кішкентайлары әжесінің қамқорлығында қалуы ықтимал.
“Бұл отбасы бұрыннан ерекше бақылауда болған және әлі де бақылауда. Жасөспірім бала мектепішілік есепке қойылған, себебі ол девиантты мінез-құлық көрсеткен. Қамқоршылық органдары да тартылған, отбасыға бақылау жүргізіп отыр. Материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ведомствоаралық сотқа жіберілді. Анасының ата-аналық құқығынан айыру мәселесі көтерілді”, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Балалардың алдағы уақытта қайда жіберілетіні әлі белгісіз. Бірақ туған әжесі мен бүкіл аудан тұрғындары өз өмірі үшін алаңдап, үрейде жүр.

Жамбыл облысында ерлі-зайыптылар өз достарының 15 жастағы қызын зорлады деп айыпталды
