"Жиырмадан асқан жігіттер қырындайды": Қызының қатарласындай жас көрінетін 40 жастағы қазақстандық әйел желі жұлдызына айналды
Фото: Альбина Махмудованың жеке архиві
Желіде қызымен бірге билеп видеолар түсірген 40 жастағы келіншек көпті тәнті етіп, таңғалдырды. Ол өзінің жасы мен жанындағы қыздың анасы екенін видео астына жазбаса, көпшілік оны әпкесі немесе құрбысы деп ойлаған екен. Жақында 41 жасқа толатын алматылық Альбина Махмудова қызымен жүргенде тіпті 20-дан асқан жігіттер білмей қырындап, ыңғайсыз жағдайға тап болған. Альбина әрқашан жас әрі қуатты болудың басты құпиясын Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Альбина Махмудова – үш баланың анасы. Жеке кәсіппен айналысады.
“1 шілдеде 41 жасқа толамын. Орал қаласының тумасымын. Блогер, кәсіпкер, ешкімге ұқсамайтын, стандартты емес, жүрегінде оты бар үш баланың анасымын. Жеке кәсіппен айналысамын. Би студиям бар. Үшінші рет тұрмыстамын. Екі қыз, бір ұлым бар. Үлкен қызым осы жылы 17-ге толады, ортаншы қызым 11-де, ал кенже ұлым 1-жаста. Жұбайым – өмірлік жарым ғана емес, барлық жағдайда ең басты қолдаушым. Мәселен, видеоға түскенді, түсіргенді ұнатпаса да, мен үшін контенттеріме көмектесіп түсіп жүреді. Сүйіктің сен үшін бәрін жасайды екен. Оның қалауларым мен идеяларыма деген қолдауын бағалаймын. Отбасым өте көңілді, шаңырағымыз у-шу мен күлкіге толы. Әр таңымды отбасыма керемет көңіл-күй сыйлаудан бастаймын”, – деді ол.
Фото: Альбина Махмудованың жеке архиві
Алматылық тұрғын көп жерде жұртшылық өзін жас ретінде қабылдайтынын алға тартты. Көбіне оны қызының құрбысы немесе әпкесі деп ойлайды екен.
“Шынымен, көп жерде мені жасырақ көріп жатады. Әрине, жақсы әсерде боламын. Бір қызық жағдай есіме түсіп тұр. Бірде үлкен қызыммен кафеде отырғанбыз. Бір кезде даяршы бізге сонда отырған жігіттердің атынан тәтті-дәмділер әкеліп берді. Шамамен олардың жастары 20 шамасында. Көрші үстелде отырып олар бізбен солай даяршы арқылы танысқылары келген екен. Ал олар менің қызымның анасы екенімді білгенде қатты таңғалды. Тіпті ыңғайсызданып қалды. Әлі күліп еске аламыз. Осындай қызық оқиғалар жиі болып тұрады. Әрине, жас-жеткіншектердің алдында кейде ыңғайсызданып қалатын кездерім де болады”, – деп қосты ол.
@albina__01 И знаете, что я поняла? Конечно, классно иметь взрослую дочь. Но ещё круче — вместе с ней танцевать. Танец — это не просто хобби. Это кнопка “перезагрузки” для женщины. Он вытряхивает усталость, сжигает стресс, возвращает блеск в глаза и уверенность в походку. Когда двигается тело — оживает душа. И, честно? Ни один крем не даст такого эффекта, как 30 минут в танце. Просто попробуйте и почувствуйте. Быть живой — это ведь абсолютно бесплатно😉
♬ оригинальный звук - albina___01
“Жас көрінудің құпиясы би мен қозғалыс”
Альбинаның айтуынша, жас әрі сұлу боп қалу сырының бірі – би.
“Билегенді жақсы көремін. Тіпті менің барлық контентім әрдайым билерге толы. Жаяу жүргенді, тауға барғанды, таза ауамен тыныстағанды ұнатамын. Сонымен қатар, меніңше, өмірге жеңіл қарайтыным ең үлкен артықшылығым сияқты. Шынымен күйзеліске түсу, уайым денсаулыққа өз әсерін кәдімгідей тигізеді. Тіпті шашың ағарып, түрлі аурулар пайда болады. Ал мен қандай жағдай болмасын позитивті жағынан қарауға тырысамын. Тіпті жоспарларым күйреп, мен ойлағандай болмай жатса да, өзімді жоғалтпаймын. Бір терең демімді алып, кейін бір айғайлап, немесе тіпті жылап, ішкі ренішіңді шығарып алуға болады. Мәселені қабылдап, ой елегінен бір өткізіп ары қарай жүремін. Бастысы уайымның ішінде қалып қоймаймын. Негативті қабылдамай, өзімді таңдап, ары қарай өмір сүруге қадам басамын. Көп жүгіремін. Би мен спорт маған тіпті кофеден де артық күш пен қуат сыйлайды”, – деді ол.
Алматылық әйел өзінің күтіміндегі маңызды дүниелерді де бөлісе кетті.
“Өмірімде әркез спортқа уақыт табамын. Себебі өмірімнің мәні спорт десем де артық айтпаспын. Ерте тұрамын, билеймін. Таңды міндетті түрде спорттық қадамдармен бастап, жүрген ұнайды. Ал жүгіру бәріне бірдей пайдалы емес. Әр таң 10 минутымды иогаға арнаймын. Сонымен қатар шаңғы тебу мен атқа міну сияқты спорт түрлері ұнайды. Қыста жиі шаңғы тепсем, жазда атқа мінуге тырысамын. Тіпті жұмыстағы қарбалас, отбасылық шаруалармен спорт жаттығуларыма үлгермей жатсам да, сол күні көбірек қозғалыс жасауға тырысамын. Мәселен, компьютер алдында жұмыс істесем, қай жерде екені маңызды емес, тіпті қоғамдық орын болсын өзіме 10 минуттық үзіліс жариялаймын. Сосын отырып-тұру жаттығуларын жасап аламын. Мұның еш әбестігі жоқ. Ал егер музыка қоса алатын мүмкіндік болса тіпті билеп аламын. Неге бұлай жасамасқа?! Мен үшін қозғалыста болуым өте маңызды. Себебі денем менен соны сұрайды. Тіпті тамақ дайындап тұрып билеймін, созылып керіліп жаттығулар жасап жүремін. Лифтке мінбей баспалдақпен көтерілуді таңдаймын. Осылайша өз ағзам мен денеме керегін беремін. Тамақтанғанда да әртүрлі әрі сапалы азықты тұтынған жөн. Ал ең бастысы әрі есте сақтайтын нәрсе қатты тойғанша тамақтанбау қажет. Идеалды түрде шамамен 2000 калорияда, тым шектен шықпай немесе тым шектеу жасамай тамақтанған жөн”, – деп қосты ол.
@albina__01 Кто заметил , что выдает меня как миллениала?😃
♬ оригинальный звук - albina___01
“Әйел тек ана мен жұбайдың қызметін атқаратын адам емес”
Альбинаның айтуынша, елімізде көптеген әйелдер өздеріне қарауды кейінгі қалдырып жүр.
“Қазақстанда әйелдердің көбі өздерін соңғы орынға қойып жатады. Балаларым өсіп алсын, көбірек ақша табайын, күйеуім табысқа жетсін сосын өз өзімді қолға аламын деп ойлайды. Міне, ең үлкен қателік те осы. Дәл қазіргі сәтпен өмір сүру керек. Қандай дегенмен адамның биологиялық қабілеті 30-дан кейін бұрынғыдай жұмыс істемейді. 40-тан кейін тіпті қиын. Сондықтан кеш болмай тұрғанда кейінге қалдырмаңыздар. Себебі 50-60 жаста бұрынғыдай ресурс табу қиын болады.
Сонымен қатар әсіресе аналарға айтарым еш қысылмай, өзіңізді кінәлі сезінбей демалыңыздар! Бұл өте маңызды. Мәселен балалрсыз, күйеуімсіз бір жаққа демалысқа тек өзім барып келгім келеді. Неге бармасқа? Біз идеалды ана болуға емес, бастысы бақытты болуға міндеттіміз. Ең болмағанда кейде өзіңізге бақытты болуға мүмкіндік сыйлаңыз. Тіпті кішкентай нәрседен бастаңыз. Жай ғана музыка қосып, айна алдында еш қысылмай билеңіз. Бұл керемет сезім сыйлайды.
Билеңіздер, армандаңыздар, тәуекел етіңіздер. Ең бастысы әрқашан жаңа нәрселерді жасап көріңіздер. Ең бастысы бәрі қызық болып тұратын іштегі кішкентай баланы жоғалтып алмаңыздар. Ең бастысы өзіңді, іштегі кішкентай қызды, әйелге тән ерекшелікті жоғалтып алмау керек. Әйел тек ана мен жұбайдың қызметін атқаратын адам емес. Бәрінен бұрын маңыздысы әйел ішкі жаны, жалыны мен сүйікті болып өмір сүруге құқы бар адам”, – деп қорытты ол.

"Жиырмадан асқан жігіттер қырындайды": Қызының қатарласындай жас көрінетін 40 жастағы қазақстандық әйел желі жұлдызына айналды
