Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қауіпті инфекциялар анықталған: Түркістан облысында 100-ден астам адам фаст-фудтан уланып қалды

Кентауда фаст-фудтан уланғандар саны 100-ге жетті. Бұл туралы Түркістан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Кентау қаласында орналасқан "Ризық-Рауаны" фаст-фуд орталығында тамақтан уланғандар саны 100-ге жетті. Олардың арасында14 жасқа толмаған 40 жасөспірім, 3 жүкті әйел бар. Қазіргі кезде аталған жағдай негізінде Кентау қалалық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

Бүгінгі күні Кентау қалалық орталық ауруханасында стационарлық ем қабылдаған 67 науқас үйлеріне жіберілді. Дегенмен, баршасы учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады.

Ал астан уланған 25 науқас амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Сондай-ақ Түркістан қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 8 тұрғын жатқызылған.

Бұған дейін, Кентау қаласында орналасқан "Ризық-Рауаны" фаст-фуд орталығында 92 адам уланғаны айтылған еді. 1 шілде күні 17 тұрғын ауруханадан шыққан. 

Түркістан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, дәмханадағы 2 қызметкерден – сальмонеллез, 6 қызметкерден стафилококк ауруының қоздырғыштары анықталды. Сонымен қатар дәмханадан үйге әкетілген 3 чикен өнімінен сальмонеллез табылған.

Талқылау