Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сұмдық, қанау емес пе": Алматылық тұрғындар Көктөбеге жеке көлікпен кіру құны 7 мың теңгеге көтерілгеніне наразы

Желіде Көктөбеге жеке көлік үшін кіру құны 7 мың теңгеге көтерілгеніне жұртшылық наразылық танытты. Алматылық тұрғын бұл бағаның тым қымбат екенін айтып, жиналған қаражаттың қайда жаратылатынын сұрады. Осыған орай Көктөбе әкімшілігі бағаның өсуіне адамдардың қауіпсіздігі мен тұрақтардағы орын санының тапшылығы себеп болғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрғын бағаның шамадан тыс көтерілгеніне наразылық танытқан видеосы Instagram желісінде пайда болды.

“Бұл ұят, сұмдық, қанау емес пе? 7 мың теңгенің жолында кішкентай әріптермен байқалмайтын жазу тұр. 200 теңге мен 7 мың теңгенің жолының еш айырмашылығы жоқ. Сол бір жол. 7 мың теңгеге не істеп жатырсыңдар? Мұнда күніне 200-дей көлік өтеді. Әрқайсысынан 7 мың теңгеден 1,5 миллион теңгеге Дубай мен Стамбулға барып демалып келіп жатсыңдар ма? Не пайдаларың тиіп жатыр?”- деді тұрғын.

1 мамырдан бастап тұраққа (Жоғарғы вокзал) кіру бағасының 5мың теңгеден 7мың теңгеге көтерілгенін "Көктөбе" саябағының әкімшілігі растап, жаңартылған бағаны ресми сайттарына жариялады. 

Көктөбе әкімшілігінің айтуынша, саябаққа кірудің төрт жолы бар. Мұнда Омарова көшесінің бойымен жаяу жүру арқылы, мамандандырылған автобуспен, Достық даңғылынан аспалы жолмен немесе жеке көліктерде көтерілуге болады.

"Саябақтың өз аумағының, сондай-ақ автотұрақ орындарының аздығынан тұратын үстіңгі автотұрақтың шектеулілігіне байланысты саябақ әкімшілігі жоғарғы тұрақ аймағына ақылы кіру мен оның бағасын белгіледі. Бір көлікке 7 мың теңге деп белгіленген бағадан жеке көлігімен саябаққа бару үшін ақша төлеуге дайын емес адамдардың құқықтарын шектеу немесе әділетсіздік іздеуге болмайды. Жалпы, саябаққа кіру тегін. Сол үшін тұрғындар мен қонақтар саябақтың жұмыс уақытында жаяу да көтеріле алады. Ал жеке көлікпен көтеру құнын төлегеннен кейін біз келушінің жоғарғы тұрақ аймағында болуын шектемейміз. Жоғарыда айтылғандай, жоғарғы тұрақта орын саны шектеулі. Баға тұрақ орындарының шағын сыйымдылығын ескере отырып белгіленеді", - деп қосты Көктөбе әкімшілігі. 

Әкімшіліктің мәліметінше көліктердің кіруіне шектеу ең алдымен саябақта жүрген және демалатын жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін белгіленген. Ал автокөлік иелерінен алынатын бұл қаражат саябақ қызметкерлері мен шлагбаумдардың жұмысы үшін төленеді.

 

 

Талқылау