Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Олигархтардан қайтарылған 160 миллиард теңге Қазақстанды сумен қамтуға жұмсалады

Құбырдан су ағып жатырФото: pixabay.com

Бүгінгі үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғыртуға арнайы мемлекеттік қордан қосымша 161 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Биыл республикалық бюджет есебінен су ресурстары және құрылыс министрлігіне сумен жабдықтау жүйелерін салуға және реконструкциялауға 124 миллиард теңге қарастырылған. Басталған жұмыстарды аяқтауға екі траншпен арнайы мемлекеттік қордан қосымша 161 миллиард теңге бөлінді. Осы жұмыстарды қажетті мерзімде аяқтау үшін әкімдіктер тиісті министрліктермен құрылыс жұмыстарын қатаң бақылауды қамтамасыз етіп, бұл жұмыстың барлығын жыл соңына дейін аяқтауы керек", – деді Қанат Бозымбаев.

Ал су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов министрлік биыл 10 өңірде топтық су құбыры нысандарын салу және қайта жаңғырту бойынша 31 жобаны іске асырып жатқанын мәлімдеді.

Министрдің мәлімдеуінше, жобалар Ақмола, Атырау, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облысында іске асырылып жатыр. Оның айытуынша, бұл жобаны іске асыру нәтижесінде 2,6 мың км су құбыры салынады және бұл 1,3 млн халық тұратын 468 елдімекенді сумен жабдықтау сапасын жақсартады. Сонымен қатар 53 елдімекенге орталықтандырылған ауызсу жүйесі алғаш рет қосылады.

"Бұл жобаларды іске асыру үшін 2025 жылы барлығы 101 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 38,2 млрд теңге Ұлттық қордан, 59,3 млрд теңге арнайы мемелкеттік қордан, 3,4 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінді. 

2025 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша, шамамен 250 км су құбыры желілері салынды. Жыл соңына дейін 6 облыста 10 жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде 500 мың тұрғыны бар 150 ауылды елдімекеннің сумен қамту жағдайы жақсарады. Оның ішінде 1542 тұрғыны бар 4 ауылға алғаш рет орталықтан ауызсу жүйесі қосылады", – деді су және ирригация министрі.

Министр баяндамасынан Ақмола, түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбырын қайта жаңғырту бойынша 6 жобаға жобалық смета құжаттары әзірленіп жатқаны мәлім болды. Бұл жобалар 102 км су құбыры желілерін қайта жаңғыртып, 335 мың адам тұратын 202 елдімекеннің сумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік бермек.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 01 Шілде, 2025 12:49
Талқылау