Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Суицидтің мән-жайы ашық айтылған кезде адамда фантазия пайда болады": Психолог журналистер мен блогерлерге үндеу жасады

Медиада суицид туралы ақпарат көбейсе және егжей-тегжелі жазылса, бұл бұқараға әсер ете ме? Өткен ғасырдағы атышулы оқиғалар шынымен де суицид толқынын әкелді ме? Stan.kz ақпарат агенттігі Вертер синдромы туралы және суицидтің көбеюіне медиадағы ақпараттар қалай әсер ететінін маманнан сұрап көрді.

Салтанат Оралханқызы. Фото Stan.kzСалтанат Оралханқызы. Фото Stan.kz

Психоаналитик Вертер синдромы қалай көрінетінін түсіндіріп берді.

“250 жыл бұрын Иоган Гетенің "Жас Вертердің азабы" деген романы шыққан. Роман қалың көпшілікке кеңінен тарай бастайды. Шығарманы оқыған адамдар кейіпкер Вертердің күйін кешкісі келеді. Ал Вертер махаббаттан азап шегіпті. Осы оқиғаны зерттей келе Еуропалық ғалымдар кейбір елдерде сол кітаптың таралуына тыйым салды. Содан бері осыған қатысты синдром Вертер синдромы деп аталып кетті. Себебі Вертер синдромы жұғу әдісіне, жұғу синдромына ие болып кетті”, – дейді маман.

 

Салтанат Оралханқызы БАҚ-та жарияланған суицид туралы ақпаратта оқиғаның мән-жайы айтылмағаны жөн дейді. Себебі құралдар, оқиға орны, себебі адамның фантазиясын оятып,  суицидке қызықтырып әкетуі мүмкін. Оған қоса жастар сол адамның соңғы әрекетін шешім деп түсінуі де ғажап емес.

“Суицидтің мән-жайы ашық айтылған кезде адамда фантазия пайда болады”

“Бұқаралық ақпарат құралдарында суицид туралы хабарларда оның орны, қандай құралдармен жасалғаны айтылып жатады. Бұл ашып айтатын протокол емес қой. Суицидтің мән-жайы ашық айтылған кезде адамда фантазия пайда болады. Адамның “Ааа, осындай ситуацияда бұл жағдайға менің де баруым мүмкін екен ғой" дегендей ойы туады. Қазір маркетинг заманы. Мысалы, маркетинг заманында "Жас қыз өзіне қол жұмсады, себебі сыныптастары оған буллинг көрсеткен" деп жазады. Оны елдің бәрі кіріп оқиды. Бұл жердегі проблема: сыныптастары буллинг көрсетті, ал буллинг көрсетсе, оның шешімі не? Өзін өлтіру. Терезеден өзін лақтырып жіберу”, – дейді ол. 

Маман БАҚ пен блогерлерге үндеу жасады

“Осы тұрғыда психоаналитик ретінде бұқаралық ақпарат құралдарына, блогерлерге айтарым бар. “Осындай тақырып қойсам, көп адам көреді, кіреді” деп рейтингті, маркетингті ғана ойлай бермей, бір сәт экранның арғы жағындағы көрерменіңізді ойласаңыздар. Тағы да айтарым: суицидті романтизацияламаңыз, детализацияламаңыз. Әркім өз оқырманына шешімнің артында ата-анасы бар екенін, қоғам бар екенін көрсетсе жақсы болар еді”, – деп қосты Салтанат Оралханқызы.

Психолог суицидтің бірнеше факторы болатынын да қоса кетті.

“Әрине, ішкі факторлары да болады. Баланың, ересектің ішкі жан күйі маңызды. Жандүниесінде күйзеліс, қандай да бір конфликт болып жатыр. Жаңағы айтқан жаңалықтар өкінішке қарай сол конфликті оятып жіберіп жатыр. Ата-аналар да суицид тақырыбын қозғағысы келмейді, баласына түсіндіргісі келмейді. Себебі ата-ананың өзінің де өзіне қол жұмсауға қатысты қорқынышы бар. Олар оны көтергісі келмейді. Балаға айтып, түсіндіріп, оның мазасыздығын басқысы келмейді”, – деді психолог.

Вертер синдромы

"Вертер эффекті" – көбіне атақты адамдардың, қандай да бір туындыдағы кейіпкердің өзіне қол жұмсауына еліктеп жасалатын жаппай суицид, көшірме суицидтердің толқыны. Бұл терминді XVIII ғасырда америкалық социолог Дэвид Филлипс енгізді. Ол Гетенің "Жас Вертердің азабы" романы тудырған суицидтің өршуін зерттеген. Филлипс бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған суицид оқиғалары халық арасында көшірме мінез-құлыққа себеп болатынын анықтады.

XX ғасырда Вертер эффекті қалай көрінді?

Өткен ғасырдың жарық жұлдызы Мэрилин Монроның жұмбақ өлімі әлі күнге дейін ел талқысында. Монро 1962 жылы 5 тамызда өз үйінде өлі табылды. Түн ортасында бірдеңе дұрыс емес екенін сезген үй қызметкері оның жатын бөлмесіне кіре алмаған. Себебі есігі құлыптаулы болған. Мекенжайға дереу жеткен психиатр Ральф Гринсон Мэрилиннің өлі денесін тапты.

Зерттеу Монро медикоментті артық ішіп, уланды деп көрсетті. Өлімнің ресми себебі өзін-өзі өлтіру деп саналды. Бірақ қоғам сол кезде “есірткі дозасын дұрыс таратпады” немесе “оны өлтіріп кетті” деген сияқты басқа теорияларды да алға тартты. Мэрилин 36 жасында қайтыс болды және оның өлімі бүкіл Америкада суицид толқынын тудырды.

Курт Кобейн – аты аңызға айналған әнші және музыкант, Nirvana рок тобының солисі. 27 жастағы Курттың денесін музыканттың үйіне күзет жүйесін орнату үшін келген электрик тауып алған. Кобейннің өлімі героинді артық пайдалануымен байланысты. Болжам бойынша, есірткінің әсерінен Курт мылтықтан оқ атып, өзіне қол жұмсаған.

Музыканттың өлімі 30 жасқа дейінгі жастар арасында бірқатар суицидке себеп болды. Мұндай көлемдегі толқын Мэрилин Монро қайтыс болғаннан бері байқалмаған еді. Курт Кобейн “Клуб 27” деп аталатын топтың мүшелерінің тізіміне қосылды. Бұл топта 27 жасында қайғылы қазаға ұшыраған атақты адамдар бар.

1933 жылы венгр композиторы Режше Шерес жазған ән суицид толқынына себеп болған

Аңыз бойынша, Реже Будапешттегі шағын мейрамханада пианист болған. Ол бір музыкасына осы дүниенің қиындықтары туралы сөз жазған. Біраз уақыттан соң осы әннің сөзін журналист Ласло Явор өзгертіп жазып шығады. Жаңартылған нұсқада әндегі қаһарман өлген ғашығына жақындау үшін суицидті романтизациялайды.

Бұл әннің тарихы фантастика мен шындықтың шекарасында. Деректерге сенсек, қайғылы ән көпшілікке тарағаннан кейін өзіне қол жұмсау толқыны бүкіл Еуропаны шарпыды. Бірақ кейбірі хит оқиғалардан 2 жыл бұрын жазылған дейді.

Суицид туралы ойлар мазалағанда “150” сенім телефонына хабарласуға болады. Орталық 24 сағат бойы қоңырау қабылдайды.

Еске салайық, Алматыдағы Манхэттен тұрғын үй кешенінде қыз 14-қабаттың терезесінен құлап мерт болды.

Бұған дейін қыркүйек айында балалар арасында суицид әрекеті өте көп болып, мектептер дабыл қақты. Студенттер де өз-өзіне қол жұмсады. 12 қыркүйекте Алматы әскери институтында құрлық әскерлері әскери институты сержантының денесі табылғаны белгілі болды.

16 қыркүйекте Алматыда екі оқушы қыз тоғызыншы қабаттан құлап мерт болды. Кейін оқушы қыздардың жақындары оларды бұған не итермелегенін айтқан еді. Сонымен қатар олар мектептерде телефонға тыйым салуды ұсынды.

21 қыркүйекте 12 жасар мектеп оқушысы 13-қабаттан секіріп кетті. 22 қыркүйекте көпқабатты үйдің ауласынан ҰҚК шекара академиясының үшінші курс курсантының денесі табылды. 23 қыркүйекте 18 жастағы жігіт терезеден секіріп кеткен еді.

Талқылау