"Сулары таусылып, шлангілері істемей қалды": Тұрғындар алматылық өрт сөндірушілерді өрт шыққан үйдің толық жанып кеткеніне кінәлады
Фото: Письма президенту
Алматыда "Горный гигант" ықшамауданында болған ірі өрттің сөндірілуіне қатысты жергілікті тұрғындардың айтар шағымы көп. Олардың сөзінше, өрт сөндірушілер су қысымы мен техниканы реттей алмай жүрген кезде, жалын жеке тұрғын үйден көршілес ғимараттың шатырына өтіп кеткен. Біраз уақыттан кейін ғана су мәселесін шешкенде, үй толықтай өртеніп кеткен. Соның салдарынан зардап шеккен тұрғындардың саны артты. Мәселінің анық-қанығын білмек болып Stan.kz төтенше жағдайлар департаментіне хабарласты.
Тұрғындар өрт сөндірушілердің жұмысын сынға алды. Олардың айтуынша, техника дер кезінде іске қосылмай, үй жанып жатқанда өртті сөндіру жұмыстары дұрыс ұйымдастырылмаған. Өрт сөндірушілер жолды жауып тастап, айналаға су шашқанымен, жалынға дұрыс бағыттай алмаған.
"Он шақты өрт сөндіру көлігі тұрса да, үй өртенген күйі қалды. Судың қысымы бірде бар, бірде жоқ, шлангілер істемей қалады. Өрт сөндірушілер айғайлап, жүгіріп жүр, бірақ нақты іс-әрекет көрінбейді. Су таусылды. Тағы да бәрі жүгіріп жүр, у-шу, бірақ үйге су шашып жатқан ешкім жоқ. Ал тұрғындардың үйі жанып кетті", – деп наразылық білдірді оқиға куәгерлері.
Тұрғындардың айтуынша, бірнеше минут емес, ондаған минут бойы үй жанып тұрды. Су таусылып қалып, кейін қайта берілгенімен, ол жалынға емес, айналаға шашырап кетті.
"Бүкіл көше суға толды, ал үй түгелдей өртеніп кетті. Өрт сөндірушілердің кәсібилігіне көңіліміз толмайды. Үйді құтқарып қалуға мүмкіндік болмады", – дейді тұрғындар.
Ал Алматы төтенше жағдайлар департаменті өртті сөндіру кезінде бірнеше фактінің себеп болғанын айтып түсіндірді.
"Өрт туралы кеш хабарланғандықтан, жалын оқиға орнына келген кезде кең ауқымда таралып үлгерген. Үйлердің тығыз орналасуы мен жапсарлас құрылымдар жалынның тез таралуына ықпал етті. Жалын шарпыған үйлердің бірі жерасты паркингі бар үш қабатты тұрғын үй", – деп жауап берді төтенше жағдайлар департаменті.
Сонымен қатар департамент судың неліктен кешіктіріліп берілгенін де айтты.
"Өрт ошағынан 150 және 60 метр қашықта орналасқан өрт гидранттары пайдаланылды. Қосылу тиімді жүргізілді, су үздіксіз беріліп тұрды. Видео материалда дәл осы сәт – өрт сөндіру стволдарына су беру кезіндегі құбыр ауыстыру кезі түсірілген. Бұл судың бар екенін және өртті сөндіру тоқтаусыз жүргенін растайды. Жағдай жіті бақылауда болды, өрттің ары қарай таралу қаупі болған жоқ. Зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген. Жалған ақпарат таратқан тұлғалар заң алдында жауап береді", – деп ескертті төтенше жағдайдар департаменті.

Қазақстандықтар шоколадтың күрт қымбаттағанына шағымданды: Неліктен тәттіге енді көбірек төлейміз
