Алматылықтарға жарамдылық мерзімі өткен дәрілерді алып келіп, өткізу ұсынылды
Фото: bz-berlin.de
Алматыда қауіпті қалдықтарды қауіпсіз жою мақсатында стационарлық дәрі қабылдау пунктері жұмысын бастады. Республикалық "Таза Қазақстан" акциясы аясында 36 қалалық емханада арнайы контейнерлер орнатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Арнайы дәрі қабылдау пунктеріне тұрғындар пайдаланылмаған, жартылай қолданылған немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілерін тапсыра алады. Себебі дәрі-дәрмектер қауіпті қалдықтарға жатады. Оларды қоқысқа тастау немесе кәріз құбырына төгу экология мен адам денсаулығына қатер төндіреді.
ECO Network экологиялық ұйымының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджановтың айтуынша, өткен жылы пилоттық жоба аясында алматылықтар бірнеше айдың ішінде 122 келі жарамсыз дәріні өткізген.
Ерекше қажеттілігі бар балаға мерзімі өткен дәрі берген медбике сотталды
"Дәрі қалдықтары полигондарда жиналған соң жерасты суларын ластайды. Ал ол суды кейін фермерлер пайдаланады. Нәтижесінде өнімдерге қауіпті заттар түсіп, адамдардың өзіне зиян келтіреді", – дейді ол.
Жаңа бастама халықтың экологиялық жауапкершілігін арттыруға және дәрілерді қауіпсіз жоюдың маңыздылығын түсіндіруге бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәрілерді жинау және утилизациялау процесі бейнебақылаумен және тұрақты тексерулермен жүргізіледі.
Жақында дәрі қабылдау контейнерлерінің саны 41-ге дейін артпақ. Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі жобаны кеңейту үшін бизнес өкілдерін тартуды және тұрғындарды экологиялық бастамаларға қатысқаны үшін ынталандыруды ұсынып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі елде ең көп сатылған дәрілерді айтқан еді.

"Денсаулық сақтау министрлігі айыппұл салады екен": Қоғам белсендісі өз емханасынан ақылы түрде де ем ала алмай жүргеніне шағымданды
