Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Субсидия берілмесе, зауыттар жабылады": Отандық сүт өндірушілер мемлекеттен көмек сұрады

Қазақстанда сүтпен бірге сары май, ірімшік пен сүзбе де қымбаттаған. Алматыда шенеуніктер тұрақтылық қоры арқылы бағаны ұстауға тырысуда, Дегенмен кәсіпкерлер ірі желілерге берілетін жеңілдетілген несие мәселені шеше алмайтынына сенімді. Олар отандық өндірушілерді қолдауды сұрады. Сөздерінше, дайын өнімді субсидиялауды қолға алмаса, сүт зауыттары жабылып қалуы мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

сүт

Сүт өндірушілері бағаның өсуіне Ресейден әкелінетін қаптама материалдарының қымбаттауы себеп болғанын айтады. Ал Қазақстанда комуналдық қызмет ақысы да өскен. 

"Ең бірінші, қаптама қымбаттап жатыр. Қаңтар мен шілде айларын салыстырсақ, баға 135%-ға көтерілген. Қаймақ қаптамасын алсақ, стақан мен пластик қақпақтан тұрады. Ал бағасы 100%-ға өскен. 2021 және 2022 жылдар аралығында электр қуаты 20%-ға қымбаттады”, – деді "Текелі Гормолзавод" ЖШС директоры Денис Дё.

Ал шенеуніктер бағаны тұрақтылық қорлары арқылы ұстап тұруға тырысуда. Бұл үшін бюджеттен 15 миллиард теңге бөлінген. Осылайша әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы ірі супермаркет желілерінде бақылауға алынған. 

"Соңғы екі айдан бері сүт бағасы өзгермеді. Сүт бағасын тұрақтандыру айналымдық қарыз механизмі арқылы іске асып жатыр. Өндірушілер мен желілерге берілетін қарыз қайтарымды, белгіленген уақыт аралығында қайтаруы керек", – деді Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы Ерлан Омаров.

Бірақ кәсіпкерлер мұның аздық ететіне сенімді. Олар отандық өндірісті қолауды сұрайды. Себебі қазір зауыттар жабылудың алдында тұр екен. 

"Қазақстан шикізат бойынша Ресейге тәуелді. Егер қаптаманы өзімізде шығарғанның өзінде, бұған қажетті шикізатты Ресейден әкеледі. Мұның барлығы өзара байланысты. Мүмкін қазақстандық өндірушілерге көмек керек шығар? Бұл туралы үш жылдан бері айтып келеміз. Дайын өнімге субсидия беруді сұраймыз. Егер мемлекет біздің бағаны ұстап тұрса, жабылып қалмауымыз үшін көмектесуі керек", – деп қосты Денис Дё.

Кәсіпкерлер мәселенің дайын өнімді субсидиялау қажеттігінде екенін айтады. 

"Белгіленген мөлшерлеме сүт саласын толық қанағаттандырмайды. Қазір ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығын субсидиялаудың жаңа бағдарламасына келді. Енді біздің де өтінішімізді естиді деп үміттенеміз. Министрлік естіп, субсидиялау шартын өзгертетін шығар", – деді Қазақстан Сүт одағының өкілі Дінмұхамед Айсауытов. 

Айта кетейік, бұған дейін сарапшы Қазақстанда сүттің не себепті қымбаттағанын түсіндірген еді. Оның сөзінше, логистика тізбегінің үзілуі елде бағаның шарықтауына алып келген

Талқылау