Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"12 миллион теңге алды". Қымбат көлікті арзанға алмақ болған қазақстандықтар алаяқтың құрбаны болды

Алматылықтар қымбат көлікті арзан бағада алып беремін деген “прокуратура қызметкеріне” 1 миллионнан 12 миллион теңгеге дейін алданып отыр. Алаяқтың қылмысы дәлелденсе де жұртты күдіктінің бостандықта жүргені алаңдатады. Он шақты адам әділдік іздеп прокуратураның табалдырығын тоздырып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Алаяқтың құрбаны болғандардың сөзінше, ер адам өзін мемлекеттік қызметкермін деп таныстырып, қымбат көліктерді арзанға алуға көмектесемін деп уәде еткен. Оның сөзіне имандай сенген жұрт алаяқтың қолына 1 миллионнан 12 миллион теңгеге дейін ақша ұстатқан. Алайда алданған жұрт бір жылдан бері уәде етілген көлікті ала алмай жүр. Олар алаяққа берген ақшасын қайтаруды талап етіп отыр.

“Бөліп төлеп, кореялық көлік алып беремін деді. Қызыл түсті көліктің суретін де көрсетті. Жалға алынған машина екен. Оған сенбедім. Қызыл құжатын көрсетті. "Міне, сенбесең, прокуратурада жұмыс істеймін” деп сендірді”, – дейді алданғандардың бірі Аделина Серікова.

Жәбірленушілердің арасында алаяқтың қолына бір емес екі көліктің ақшасын ұстатқандар бар. Оларды көліктің алғашқы жарнасын төлеу керек деп көндірген.

“Алаяққа алданып жүрміз. 12 миллион алған. Машина жасап беремін деп. Бізде бөліп төлеуге машиналар бар деген. "Судай жаңа машинамыз бар, алып берем" деді. Ақшамызды алып алды. Бір жыл бойы алданып жүрміз. Менен басқа тағы көп адам бар. Алатау ауданында іс қозғалмай жатыр, істі қайта-қайта жауып тастайды. Екі көлік жаңадан, 30 млн тұратын көліктер ғой. "Алғашқы жарнасын төлейсіз" деп алып алған”, – дейді Гүлмира Байгөзова.



10 жәбірленуші жиналып күдіктінің үстінен іс қозғады. Нәтижесінде тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Алайда көпті алдаған күдікті қамауда емес, еркіндікте жүр. Алданғандардың наразылығын тудырған да осы.

“Күдікті ретінде сотқа дейінгі тәртіппен күдіктінің әрекеті дәлелденді. Алайда аудан прокуроры, Әуезов ауданының прокуроры өтініш хатымызды, яғни қамаққа алу, үй қамақтан изоляторға қамауға алуға аудан прокуроры бас тартты. Негізсіз бас тартты. Біз әділдікті талап етіп, аудан прокурорының заңсыз шығарған қаулысын, яғни бас тарту қаулысын бұзғымыз келеді”, – дейді заңгер Нұрболат Ибраев.

Прокуратура ер адамның үстінен іс қозғалғанын және тергеу жүріп жатқанын растады. Сондай-ақ күдіктінің не себепті қамауда емес, еркіндікте жүргенін түсіндірді.

“Күдіктіге қатысты ҚР ҚК  190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағымен тергеп-тексеру басталды. Қазір көрсетілген арызданушылардың бірнеше арыздары бойынша барлық тергеу жүріп жатыр. Қорытындысына қарай түпкілікті шешім қабылданады”, – деді Алматы прокуратурасы басшысының орынбасары Дәурен Динбаев.

Бұған дейін Астана полициясы қазақстандықтарға "Ayana Plaza" тұрғын үй кешеніне ақша салмауға шақырды.

Талқылау