Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Су тұтыну деңгейі жан басына шаққанда 3,5 мың литр: Қазақстанда су тапшылығы мәселесін шешуге не кедергі

Дүниежүзілік банк деректеріне сәйкес Орталық Азияда демографиялық өсімге байланысты су тапшылығы 25-30%-ға жетеді. Ал 2030 жылға қарай егістікті суаруға арналған су қорында тапшылық деңгейі тағы 30%-ға өседі деп болжанып отыр деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Shishkin_like Telegram-арнасына сілтеме жасап. 

су

Экология министрлігі трансшекаралық өзендер департаменті директорының орынбасары Данияр Сағадиев климаттың өзгеруі, адам санының өсуі мен экономиканың дамуына байланысты су қоры әлі де қысқара түсетінін мәлімдеді. Оның сөзінше, жауын жиілігінің өзгеруі де өзен ағынының қалыптасуына әсер етеді екен.

Shishkin_like Telegram-арнасының мәліметіне сәйкес республикада бүгінгі күні су тапшылығы 17 текше шақырым деп бағаланып отыр. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 23 текше шақырымға жетеді болжанды. Мұндай дерекпен 2022 жылы Экология министрлігі су қоры комитеті төрағасының міндетін атқарушы Досбол Бекмағамбетов бөлісті. 

Су тапшылығы мәселесін шешу үшін География және су қауіпсіздігі институты су қорын қайта бөлуді ұсынып отыр. Трансқазақстан каналы жобасына сәйкес Ертіс бассейніндегі суды солтүстік, орталық және оңтүстік аймақтарға жіберу қарастырылады. 

Ал шетелдік мамандардың пайымдауынша, су тапшылығы мәселесін шешуде оны жөнсіз жұмсау үлкен кедергі келтіріп отыр екен. Мәселен, Қазақстан су тұтыну көлемі бойынша әлемде 11-орында тұр. Жан басына шаққанда күнделікті су тұтыну көлемі 3,5 мың литр. Салыстыру үшін Ресейде бұл көрсеткіш 1,3 мың литр, Германияда 855 литр, Ұлыбританияда 348 литр екен. 

Сондай-ақ Қазақстан ауыз су мен шаруашылыққа арналған су тапшылығы бойынша Азияда Бангладеш, Үндістан мен Қытай сынды елдерден кейін 8-орынға тұрақтады. Қазір су жетіспеуі Сырдария, Орал, Іле, Шу мен Талас өзендерінің бассейнінде және орталық аймақтарда сезіледі. 

Талқылау