Боксшыларға жасалған жағдай бізге де жасалу үшін Олимпиада чемпионы болу керек — Ауыр атлетикадан Әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы

Фото:ҰОК
2024 жылғы Әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы жуырда Ислам ынтымақтастық ойындарында топ жарып, алтыннан алқа таққан еді. Осылайша ол өзінің шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осыдан кейін Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі чемпионның өзіне хабарласып, дайындық процесі, жеке өмірі және болашақ жоспарлары туралы сұхбаттасты.
– Нұрғиса, жеңісіңіз құтты болсын! Ислам ынтымақтастық ойындарында қатарынан үш бірдей алтын жүлдені ел қоржынына салдыңыз. Жалпы жарыс қиынға соққан жоқ па? Дайындық қалай өтті?
– Құттықтауларыңызға көп рақмет! Қазақ еліне алғысым шексіз. Маған жарыс мүлде қиындыққа соққан жоқ. Қарсыласым әлем чемпионатында жұлқа көтеруден рекорд бұзған еді. Мен соның көрсеткішін жақсартқым келіп еді. Өкініштісі ол мақсатым жүзеге аспады. Жарақат алып қалдым. Бірақ сондада 175 келіні бағындырып, алтыннан алқа тақтым. Жарыс жақсы өтті. Дегенмен бұдан да жоғарғы салмақтарды көтеруге болады. Бұл додада өзімнің бақталасатын бәсекелестерім болған жоқ. Жарысатын мықты қарсыластарым болғанда жоғарғы салмақтарды көтеретін едім.
– Бұрын берген бір сұхбатыңызда “боксшыларға жағдалған жағдай бізге де жасалса” деп айтқан едіңіз. Сол уәжіңізден кейін ауыр атлеттердің жағдайы жақсарды ма?
– Қазіргі біздің жағдайымыз жақсы. Әлем чемпионатынан кейін бәрі жақсарды. Массажист, доктор бәрі бар. Витаминдермен де қамтамасыз етті. Алайда боксшылардың деңгейіне әлі жете қойған жоқпыз. Жалпы ондай деңгейге жету үшін біз олимпиада чемпионы болу керек шығармыз. Бұның барлығы уақыт еншісінде.
– Тура 1 жыл бұрын Әлем чемпионы атандыңыз. Әлем чемпионы атанғаннан кейін өміріңізде не өзгерді? Көп спортшылар қатты көңіл бөлінген сәтте жұлдыз ауруымен ауырып қалады. Бірақ сіздің қарапайымдылығыңыз ерекше байқалады. Осындай қарапайым қалпыңызда болмысыңызды сақтауыңыздың сыры бар ма?
– Иә, бір жыл бұрын әлем чемпионы атандым, Аллаға шүкір. Осы Ислам ойындары – содан кейінгі алғашқы жарысым. Бұған дейін демалып, жарақаттарымды емдеп алдым. Қарапайым болу – біздің ауылдан шыққан бала екеніміздің бір белгісі. Ата-анам да, бауырларым да әрдайым ақылын айтып, "кішіпейіл бол, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсет" деп тәрбиелеп отырады. Осындай отбасым бар болғанына, ауылдан шыққаныма Аллаға шүкір айтамын. Қарапайымдылығымның сыры да – осы.
– Ауыр атлетикаға қалай келдіңіз? Не себепті дәл осы ауыр атлетиканы таңдадыңыз? Қиынға соққан жоқ па?
– Мен ауыр атлетикаға 12 жасымда, яғни 2012 жылы келдім. Ол кезде Илья Илин ағамыз екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған еді. Менің бөлем де бала кезінен ауыр атлетикамен шұғылданатын. Бір күні ол мені Алматыдағы спортшылар дайындалатын жерге шақырып, "қатысып көр" деп ұсыныс жасады. Айтқанын тыңдап, жаттығуға қатысып көрдім. Сол кезде қазіргі жеке бапкерім Жәнібек Кішкенбаев мені бірден ауыр атлетикаға шақырып, осы спортқа бағыт берді. Содан бері ауыр атлетиканы ұнатып, осы жолды таңдадым. Спортты қатты жақсы көргендіктен, бүгінге дейін үзбей айналысып келемін.
– Көп байқаймыз басыңыздан тақияңызды тастамайсыз. Бұл сіздің имиджіңіз бе? Әлде қалай?
– Иә, мен әрдайым өзіммен бірге жарыстарға тақиямды алып жүремін. Үйде әкем киіп жүреді. Неше түрлі тақия бар, соны шет-шетінен жарыстарға алып кетемін.
– Былтыры әлем чемпионаты атанғанда туған жеріңізде көкпар ұйымдастырып едіңіз. Биыл да қатарынан үш алтын жүлдеге қол жеткізіп отырсыз. Осы жолы да бір ерекше бір нәрсе ұйымдастырасыз ба?
– Иә, сол кезде көкпар жасап, әлем чемпионы атанғанымды атап өттім. Әрине, әлем чемпионатының орны тіптен бөлек. Ал Ислам ойындарында небәрі 57 мемлекет сынға түсіп жатыр. Бізде әзірге ондай ой жоқ, тек кішігірім үйде Құран оқытатын шығармыз. Менде енді той тойлауға уақыт жоқ. Себебі 26-27 қараша күні Дубайда ауыр атлетикадан турнир өтеді. Сол жарысқа дайындаламын.
– Уақытыңыздың көп бөлігін жаттығу залында өткізесіз. Жеке өміріңізге қаншалықты уақыт бөлесіз? Ата-анаңыз үйде келін күтіп отырған болар?
– Уақытымның көп бөлігі спортта, оқу-жаттығу жиындарында өтеді. Негізі үйлену ойымда бар. Бірақ әзірге қызым жоқ, басым бос, бойдақпын. Сонымен қатар ата-анамда “үйлен балам, жасың 25-тен асып бара жатыр” деп қыз іздеп жатыр. Әкем де, ағаларым да дәл менің жасымда яғни 25-те үйленген. Сен де үйлен деп айтады. Енді ол Алланың бұйыртқан күні болады.
– Спортшылар ірі додаларда жеңіске жеткен уақытта көп тойлар мен іс шараларға шақырады. Тамақтану тәртібіңіз бен ұйқы режиміңіз бұзылмай ма? Әлде кез келген тамақты жей беруге рұқсат па?
– Оқу-жаттығу болмаған уақыттарда тойларға және достарыммен туған күндерге барып тұрамыз. Тамақтану тәртібіне келер болсақ ауыр атлетикада зілтемір көтеретіндіктен бізге ет, калориясы жоғары тамақтар тұтынған пайдалы. Қазір таңда салмақ ұстап жүрмін. Қатты салмақ қосу маған қажет емес, сондықтан тамақтану тәртібім бар.
– Илья Ильин туралы айтайықшы. Ол кісімен қарым-қатынасыңыз қалай? Ол кісі қазір қайда? Араласасыздар ма? Үлкен спортты сағынған болар?
– Илья Ильин ағамыз әрдайым біз жарысқа шығар алдында қолдау көрсетеді. Сонымен қатар қолдап, қолпаштап құттықтайды. Ол кісімен жиі сөйлесіп, араласып тұрамыз. Бірақ жеке өмірін нақты білмеймін. Әлеуметтік желіден көріп тұрамыз. Өзінің жеке әуесқой спортшыларға арналған жобасы бар. Адамдарды салауатты өмір салтын ұстануға дәріптеп жүр.
– Әлем чемпионатынан кейін допинг тестілеуден өттіңіздер ме? Жылына ма әлде айына ма қанша рет сіздерді тексеріп отырады?
– Әрине, халықаралық допинг қызметі кез келген уақытта тексеру жүргізе алады. Біз оған әрқашан дайынбыз, себебі ешқандай тыйым салынған қоспалар қолданбаймыз. Біз тазамыз. Ешқандай артық-ауыс допинг қолданбалар қолданбаймыщ. Өз күшімізбен дайындаламыз. Қазы-қарта, ет жейміз, біздің “допингіміз” – осы табиғи тағамдар. Жылына аз дегенде 4–5 рет допинг тестілеуінен өтеміз. Жарыстарда көрсеткен нәтижеге байланысты да қосымша тестілеу болуы мүмкін.
– Ауыр атлеттердің кейбірі спорттағы мансабын аяқтаған соң “бізді ешкім елеп-ескермеді, жұмыссыз қалдық” деп айтып жатады. Бұл қаншалықты рас? Расымен жеткілікті деңгейде спортшыларымыз бағаланбай ма?
– Әр спортшының өмірі әртүрлі, бәрі адамның өз таңдауы мен қалауына байланысты. Адам ақылды болып, болашағын ойлай білсе, ешкімге тәуелді болмай өмірін өзі құра алады деп ойлаймын. Сондықтан білімді, саналы болу маңызды. "Спорт мені өмір бойы асырайды" деп ойлау – қате шешім. Себебі спорттың ғұмыры қысқа, ал сол қысқа кезеңде өзің үшін мүмкіндігінше көп нәрсе жасап қалу керек. Өмір спортпен тоқтап қалмайды, ары қарай да жалғасады. Сондықтан болашағымызды қазірден бастап ойлауды үйренуіміз қажет. Иә, федерация тарапынан қолдау көрсетіледі. Егер спортшының өзі қаласа – жұмыс істегісі келсе, бапкер болғысы келсе – оған әрқашан мүмкіндік береді, қолдайды.
– Гаджи Гаджиев келгелі ауыратлетикада қандай өзгерістер орын алды? Атап өтсеңіз
– Гаджи Гаджиев келгелі бері допинг сынамаларын бақылау күшейтілді, бәрі талапқа сай реттеліп отырады. Бізді жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына да тұрақты түрде қолдап келеді. Ол кісі алғысымызды айтамыз. Өз сөзінде бізді Құдай қаласа Олимпиадаға шығаруға бар күшін салатынын жеткізді. Алдағы уақытта біз де бар күшімізді салып, сенімін ақтауға тырысамыз.
– Алға қойған мақсаттарыңыз қандай?
– Алдағы жоспарым Дубайда өтетін турнирге қатысамын. Бұл жарысты Ресей федерациясы ұйымдастырып жатыр. Сол турнирде жеңіске жетіп, одан кейін Астанаға ұшамыз. 31 қарашадан 6 желтоқсан аралығында Қазақстан чемпионаты өтеді, сол жарыста тағы да бақ сынаймын.
Келесі жылдан бастап Азия ойындарына, Азия чемпионатына және Әлем чемпионатына дайындала бастаймын. Айта кетейін, 2026 жылдан бастап Азия ойындарында салмақ дәрежелері өзгерді. Бұған дейін 94 кг салмақта өнер көрсетсем, енді 95 кг салмақта жарысқа шығатын боламын. 2028 жылы Лос-Анджелестегі Олимпиадаға дейін осы 95 кг салмақта өнер көрсетемін.
Әңгімеңізге рақмет!
Боксшыларға жасалған жағдай бізге де жасалу үшін Олимпиада чемпионы болу керек — Ауыр атлетикадан Әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы