Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Су тасқыны: Ақмола облысында көпірді, Солтүстік Қазақстанда ауыл арасындағы жолдарды су шайды

Ақмола облысында көпірді, Солтүстік Қазақстанда ауыл арасындағы жолдарды су шайдыФото: Видеодан скрин

Қазақстанның кейбір өңірлерінде су тасып жатыр. Ақмола облысында понтон көпірді,  Солтүстік Қазақстан облысында ауылдар арасындағы жолды су шайып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, су Ақмола облысы Зеренді ауданындағы Шағалалы өзеніндегі понтон көпірден асып ағып жатыр. Бұл көпір ауылдың негізгі бөлігін 28 тұрғын үй орналасқан көшемен байланыстырады.

“Балама жол болса да, жергілікті тұрғындар мен атқарушы органдардың өтініші бойынша сол жерде өткел жасалды. Құтқарушылар қайықпен 16 адамды тасымалдап, тұрғындардың үйлеріне жетуіне және азық-түлік алуына көмектесті”, – деп хабарлады ведомство.

Министрліктің мәліметінше, көпірдің жағдайы қалыпты, су деңгейі төмендеп жатыр. Оқиға орнында әкімдік өкілдері, Төтенше жағдай департаментінтінің қызметкерлері және полиция кезекшілік құрды.

Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданында еріген қар суының күрт көтеріліп, Ленинградское – Айсаринское аудандық маңызы бар автожолының бір бөлігін су шайып кетті.

“Оқыс жағдайдың алдын алу үшін судың еркін өтуін қамтамасыз ету мақсатында жолды әдейі ашу туралы шешім қабылданды”, – деп хабарлады әкімдік.

Қазір су деңгейі төмендеген. Мамандар жол үйіндісін қалпына келтіріп жатыр. Аудан әкімдігі қызметкерлері мен жол ұйымының мамандары тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырған. Жағдай бақылауда.

Еске салайық, Қостанайдағы елді мекенді жарты сағатта су басып қалып, құтқарушылар жолдарды қазғаны туралы жазған едік.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 31 Наурыз, 2026 08:24