Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Су мен электр есептегіштерін ауыстырамыз" деп қоңырау шалған: Алматылық ерлі-зайыпты алаяқтардың кесірінен үйі мен көлігінен айырылды

Алматылық ата-әже алаяқтардың кесірінен үйі мен көлігінен айырылып, қомақты сома қарызға кіріп кеткен. Қаскөйлер оларға су мен электр есептегіштерін ауыстыру қажет деп қоңырау шалып, кейін атынан несие рәсімдеген. Соңында тіпті үйін сатуға мәжбүрлеген. Егде жастағы адамдардың қызы Виктория Каширская жағдайды тілшімізге түсіндіріп берді. 

Фото: kashirskaya_v парақшасынан скриншот

Алматылық Виктория Каширская алаяқтар құрбаны болған ата-анасына көмектесіп, әділдікке қол жеткізгісі келеді. Айтуынша, алаяқтар анасына үш рет қоңырау шалған.

“Наурызда алғашында “су мен электр есептегіштерін тегін ауыстырамыз” деп хабарласты. Одан соң 1414 нөмірінен жіберілген СМС-кодын сұратты. Анам кодты айтқаннан кейін атынан әртүрлі сомада микрокредиттер алған. Бірақ қаскөйлер мұнымен тоқтаған жоқ. Астанадағы қаржы мониторингі агенттігінен, Egov-тан хабарласқандай болып тағы қоңырау шалды. Олар анамды қорқытып, “алаяқтарға сіздің ЭЦҚ-кілтіңіз қолжетімді. Олар үйді өздеріне аударып алмақ” деп айтқан. Сол үшін анама үйді сатқызбақ болыпты”, – деді алматылық тұрғын. 

Сөзінше, алаяқтар егде жастағы тұрғындарды үйді сатуға көндірген. Осылайша үй өз құнынан 40% арзанға сатылды.

“Нотариус арқылы үй рәсімделді. Анама үйдің ақшасы 28 миллион теңгені курьер арқылы Ұлттық банкке жіберсін деп айтқан. Яғни оны ұяшықтан құжаттарды алу үшін деп түсіндіріпті. Яғни “сіздің шотыңызға аударуға болмайды, алаяқтар шешіп алады” деп, басқа шотқа аудартты. Әкем мұның бәрін осыған дейін білмеген, анам бір ай жасырып, қалай айтарын білмей жүріпті. Кейін үйді алғысы кеп жүргендерді көріп, түсінген. Одан соң “Жария етпеу туралы келісім” жасалды, енді қарсы шығып, біреуге таратсаңыздар, үстеріңізден қылмыстық іс қозғалады, қызыңыз жұмысынан айырылады” деп қорқытқан”, – деді Каширская.

Айтуынша, осыған дейін алаяқтар алған қарызды жабу үшін отбасы 1,5 миллион теңгелік көлікті 600 мыңға сатуға мәжбүр болған. Виктория мұның бәрін сәуірде білген. Енді отбасы үйінен айырылып, қаланың шетіндегі саяжайда күнелтуге мәжбүр.

Алматылық тұрғын Түрксіб ауданындағы полицияға арыз жазғанын айтады. Сондай-ақ нотариус келісімін жарамсыз деп тану қаулысын шығартып алған. Алайда олар қоғамдық резонанс керек деп санайды. 

Сорақысы – анасы мұның бәрі алаяқтар схемасы екенін бір айдан кейін ұққан. Өйткені алаяқтар жасы үлкен жандардың әлсіз тұсын түсініп, әбден сеніміне кіріп алыпты.

Алматы полиция департаменті жағдайға қатысты тергеу жүргізіп жатқанын түсіндірді. Департамент тұрғындарды қырағы болуды шақырды.

“Полиция мемлекеттік органдардың, банктердің және коммуналдық қызметтердің мамандары ешқашан телефон арқылы СМС-кодтарды немесе жеке деректерді сұрамайтынын еске салады. Бұл кодтар – құпия ақпарат. Егер күдікті қоңырау алсаңыз, ешқандай нұсқауларды орындамаңыз, жеке ақпаратыңызды бермеңіз және дереу тиісті ұйымның қолдау қызметіне немесе полицияға хабарласыңыз”, – деді ведомствода.  

Еске салсақ, Астанада алаяқтар коммуналдық қызметкер ретінде тұрғындарға хабарласып алдауға көшкенін жаздық.

Талқылау