Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Студент есепшотына аударылады: Министр Қазақстанда грант төлеу жүйесі қалай өзгеретінін түсіндірді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов гранттың ақшасын студенттің жеке есепшотына аудару жүйесі қалай іске асатынын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Бүгінгі таңда отандық жоғары оқу орындары грант беру арқылы жан басына қаржыландыруға көшті. Бұл жүйе қазір қалай жұмыс істейді? ҰБТ-дан кейін талапкер өтініш береді, нақты мамандықты таңдап, грант тағайындау конкурсына қатысады. Мәселен, егер белгілі бір мамандыққа барлығы 100 грант бөлінсе, квоталарды есепке ала отырып, ең жоғары балл жинаған 100 талапкер сараланған тізім бойынша ЖОО-да оқу үшін грант алады", – деп жазды Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Білім грантын иеленген студент жоғары оқу орнын таңдайды. Ал ЖОО ол студентті оқыту үшін бюджеттен қаржы алады. Оқу ақысын төлеу тәртібі бойынша университеттер студенттердің тізімдері мен төлеу актілерін министрлікке жіберіп отырады. Министрлік әрбір студент үшін ақшаны ЖОО-ның шотына тікелей аударады.

"Алайда, студент грантты жеңіп алғанына қарамастан, мемлекет тарапынан төленетін оқу ақысына қатысты рәсімге қатыспайды. Шын мәнінде, студент жоғары оқу орнындағы оқу ақысын мемлекет оның мектеп кезіндегі жақсы көрсеткіштері үшін төлейтініне мән бермей, мұны көбіне көп тегін оқу деп қабылдайды. Сәйкесінше, "тегін" оқу кезінде университетке қандай да бір талап қою қиын. Әрбір студенттің оқуы үшін мемлекет жоғары оқу орнына орта есеппен 3,5-4 миллион теңге бөліп отырады", - деп атап өтті министр.

Енді, президенттің тапсырмасы аясында осы жүйе өзгереді. Бұдан былай қаражат грантты жеңіп алған студент оқу ақысын өз бетінше төлейді. Ал бюджет қаржысы оның банктік шотына (эскроу-шот) тікелей жіберіледі.

"Осылайша, студент оның оқуы үшін мемлекет бөлген ақшаны көріп, қолдауды сезінеді. Сонымен бірге оқу ақысын төлеу үрдісіне қатысады. Қазіргі таңда студент – бұрынғыдай тегін қызметтерді алушы емес, қызметтерге тапсырыс беруші. Тиісінше, тапсырыс беруші ретінде ол сапалы білім беруді талап етуге құқылы. Әрине, бұл студенттің мемлекеттік қолдау шараларын қабылдауына оң әсер етеді және оның бойындағы жауапкершілікті арттырады", – дейді Аймағамбетов.

Арнайы есепшоттағы ақшаны тек оқуға ғана жұмсауға мүмкін болады. Студент миллиондаған қаржының оқуға жұмсалғанын көріп, білім алуға да, көрсетілетін қызмет сапасына да жауапкершілікпен қарайды деген жоспар бар.

Бұдан бөлек, жаңа жүйе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жойып, бюджет қаражатының барынша ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді. Жоғары оқу орындары арасындағы бәсекелестік те күшейе түседі.

Талқылау